Ананың нұры
Қазақ халқының дана сөзі бәрімізге таныс: «Дүниеде үш нұр бар: біріншісі – күннің нұры, екіншісі – ақылдың нұры, үшіншісі – ананың нұры». Ананың нұрын күннің нұрымен қатар қоюдың артында үлкен мағына жатыр. Себебі, ананың бойынан молынан табылып жататын сұлулық пен нәзіктікке, мейірім мен махаббатқа, қажырлық пен қайсарлыққа меңзеп айтылған дәлме-дәл теңеу дер едім.
Менің анам Жібек Өсімқызы тірі болғанда биыл 90 жасқа келер еді. Өкінішке қарай, 66 жасында өмірден озып, бақилық өмірге кетті. Уақыт өткен сайын анамның кешкен өміріне қайтадан баға беріліп, жаңа көзқарас қалыптасуда.
Анам 1934 жылы 7-ші қарашада (Кеңес Одағында ең басты мереке – Ұлы Октябрь революциясы күні) қасиетті Баянауыл өңірінде мекендеген Арғын тайпасының Сүйіндігінен тарайтын Айдабол руынан шыққан Аққозы бабаның ұрпағы. Баянауылды білмейтін қазақ жоқ. Баян жерінің сұлулығы өткен ғасыр жырауларының, ақын- жазушыларының қадамына қанат бітіріп, қаламын ұштаған. Баян ха лқының кешегі мен бүгінгі қонақжайлылығы аңыз боп тараған. Билері дау-шарада бітім тауып, қасынан қаймықпаған қас батырлары биіне басын иген. Баянауылда туған ерлердің еңбегі еленіп, жас ұрпақты ерлікке, өрлікке тәрбиелеу құралына айналған. Ғалымдар мен ұстаздар ұлағаты ұранға айналып, дәрігерлер шипасы шапағатқа ұласқан.
Сөйтіп анамның дүниеге келген жері суы мол, ауасы шипа, шөбі шүйгін, Жаратушының ақжарылқап бере салған қазақ жерінің бір тамаша өңірі екен. Осындай сұлу табиғат аясында менің анамның балалық шағы өтті.
Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Майқайың орта мектебін бітіріп, оқуда зерек болған талапты жас Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика лық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті
ҚазПИ – Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орны. Студенттік жылдар уақыттың қиыншылығына қарамастан, оқу-ізденіске, сондай-ақ жалындаған жастыққа тән романтикаға толы болды.
Қызығы мол сол жылдардың ең бір бақытты шағы әкеміз бен анамыздың Алматыда кездесуі еді. Ол туралы әкемнің досы Абай Жолдасов кейін былай деп еске алады:
«Сол кезде «Тарзан» деген кино сеанстың «Алатау» кинотеатрында жүріп жатқан кезі, билет жоқ. Бір кезде кинотеатрға келген екі қыздан «артық билеттеріңіз жоқ па?» – дегенімізде, жүздері жылы жымиып: «бізде артық екі билет бар», – деп күлді.
Әйтеуір ебін тауып біз де киноға кірдік те, жаңағы екеуінің қайтарда соңынан жүріп отырып, КазПИ- дің жатақханасына келдік. Аты- жөндерін сұрап таныстық. Біздер бірер күн өткен соң, сабақтан кейін Нұрғали екеуміз тротуармен келе жатып, Комсомольская (қазіргі Төле би) көшесімен жүретін №4 трамвайдың терезесінен кешегі екі қызды көріп, сол трамвайға жүгіре келіп отырғанымызда, олар трамвайдан тез түсіп кетті. Сол күні КазПИ-дің жатақханасынан іздеуге келістік. Алғашқы танысқандағы бізге айтқан есімдері группаларындағы қыздарының аттары екен. Сонымен «Бұйырған кетпес, жүгірген жетпес» дегендей аты жоқ қыздарды ерінбей іздеп жүріп тапқанымыз – осы Жібегіміз еді...
Сол кезде Нұрғалидың афоризмге айналған:
«Айналайын Жібекжан, менің қалқам,
С ен үшін Павлодарды етем талқан», – деген әзіл сөзі әлі есімде».
Студенттік жылдардың қызығын бірге өткізген досы Абай Жолдасов айтпақшы, бұйырған қашпады. Сезімдері мен ойлары тоғысып, бір арнада бір тілек-ниеттен табылған екі жас студенттік той жасады.
Сонымен Түлкібас пен Баянауылдың арасында «алтын көпір» құрылды. Бір жағынан, халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқан «Түлкібас – тұлпарлар тұрған, сұңқарлар қонған жер», екінші жағынан, бақ қонған елім – Баяным.
Әкем мен анамның 1956 жылы Алматыда түскен суретіне қарап, олардың жастық шақтағы бейнелерін көзге елестетуге болады. Анамның бойынан жинақылық, пысықтық байқалады. Әкемнің толқындана бұйраланған қалың қара шашы оңға қайырылған, аққұба, көз шарасы үлкен, жанары жалындаған жас жігітті қай ару болмасын менің жарым болса дегендей-ақ екен. Костюмнің жағасының сыртына көйлектің жағасын шығару сол кездің сәні болса керек. Күлімдеп қарап қалған көзден өмірдің дүниеге келмей жатып тосқан қиындығына мойып, қажудан гөрі болашаққа үміт-сенімі жоғары жастың отты, жігерлі жүзі байқалады.
1956 жылы әкеміз ҚазГУ-ды, анамыз ҚазПИ-ді бітірді. Екеуінің арманы – ауылға барып еңбек ету. Түлкібас ауданының мектептерінде орын болмай, ата-анамыз алғашқы еңбек жолын Қазығұрт тауының баурайындағы Абай орта мектебінен бастады. Әкеміз география, астрономия, биологиядан сабақ берсе, анамыз математика мұғалімі болып жұмысқа қабылданды.
Жас жұбайларды ауыл адамдары ерекше қадірлеп, көпшілігі ерулік беруге шақыратын. Сондықтан да болар ата-анамыз ауыл өмірін, тыныс-тіршілігін тез танып, ауылмен бір отбасыдай араласып кетті. Ел ағаларын сыйлап, ерекше құрметтеді. Әсіресе, мектеп директоры Керімқұл Төлеуовпен ағайынды адамдардай сыйласып, тату көршілікте болды. Ауыл өмірі жас ұстаздар үшін алғашқы өнеге мектебі болды десек жаңылыспаймыз.
Анамыздың нағыз педагогке тән қасиеттері алғашқы қадамнан-ақ танылды. Ол балаларды ерекше сүйетін, олардың әрбір қасиеттерін жоғары бағалайтын. Мектеп бағдарламасында математика қиын пәндердің бірі болып саналады. Математиканы білу – бір мәселе, ал оны оқушыларға жеткізу – екінші мәселе. Осы жылдары анамыздың ұстаздық шеберлігі әріптестерінің және оқушыларының арасында ерекше көзге көрінді. Ол кезде мұғалімдердің көпшілігі институтты сырттан оқып бітіргендіктен әрі екі жас маманның сабақтарының сапасына тәнті болған ұжым мүшелері: «Күндіз оқып бітіргеннің аты күндіз оқыған екен» – деп қызығатын.
Қазығұрт ауданындағы Абай мектебіндегі жинаған 3 жылдық тәжірибесі кейін Түлкібасқа көшіп келгенде өз пайдасын тигізді.
Ресейдің белгілі педагог-ғалымы В.А.Сухомлинскийдің мынандай сөзі бар: «Мектеп – бұл өмір қақпасы. Ол қақпадан әр адам өтеді. Ал, сол кезеңде оны жетелейтін, ақыл-кеңес беретін, бағыт-бағдар көрсететін тұлға – ұстаз».
Ұлағатты ұстаз Жібек Өсімқызы Түлкібас ауданындағы Абай мектебінде мыңдаған жастарды «өмір қақпасынан» жетелеп, оларға тәлім- тәрбие берді.
Сол шәкірттерінің бірі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Әділхан Байбатша былай деп жазады: «Біз мектепте оқып жүргенде біраз отбасы, жас мұғалімдер сабақ берді. Солардың ішінде Сарыбековтер ерекшеленіп, оларға үлкендер ғана емес, балаң шәкірттер де сүйсіне қарайтын. Толқынданған қалың қара шашын бір жағына бос қайырған ұзын бойлы сымбатты жігіт Нұрғали ағай мен оның қасында аққудай қалқып бара жатқан сұлу келіншек Жібек апайға қызыға қарамайтын жан болмайтын. Олар өткен көшеде кездескен адамдар бір тамаша құбылыс көргендей әсермен таңырқай қарап қалатын. Олармен бірнеше жыл қызметтес болған мұғалімдердің өзі кездескен сайын жаңа көріп тұрғандай қызыға бір қарап алатын».
Анамызбен қызметтес болған әріптестері Жібек Өсімқызының жеке басындағы адамгершілігі, қарапайымдылығы, жолдасына деген адалдығы, жан дүниесінің кеңдігі және өзім деген жанға тек жақсылық жасағысы келетіні туралы жиі айтып отыратын. Кездескен сайын анамыздың шәкірттері арада қаншама ондаған жылдар өткенмен, суымаған шәкірт сезімі, ұстазына деген махаббатын жеткізіп отырады. Осының өзі сатып ала алмайтын адамдық бақыт болар.
Шынайы ұстазға тән жүрек жылуы деген, бәлкім, осы шығар. Кейде осы кездегі жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың мектептегі аяқ алыстарына қарап отырып, осыларда жүрек жылуы жетіспейді-ау деп ойға қаласың. Мүмкін біз қателесіп те отырған болармыз, оған әлі тәжірибе керек, ал тәжірибе жылдар бойы қалыптасады деп қарсы уәж де айтармыз. Дегенмен, шынайы ұстазға тән жүрек жылуы ең бірінші кезекте қажет қасиет тәрізді. Бәлкім, ол қателесер, тәжірибесі жетіспей жатар, бірақ шынайы ұстазға тән жүрек жылуы, алдындағы жас жеткіншекті сүйе білуі, олардың болашағына алаңдауы және өзінің жауапкершілігін жіті сезіне білуі болмаса, іштей «әй, қайдам» дегендейсің. Оның оқушы алдындағы әрбір іс-әрекетінен осы белгілер аңғарылып тұруы тиіс тәрізді.
Мектеп партасында отырған біздің әрқайсымыз да мұны бастан кештік. Сабақ берген жиырма шақты мұғалімнің төрт-бесеуі жақсы мұғалім ретінде есте қалса, бір-екеуі айрықша жақсы мұғалім есебінде ойыңда мәңгілік сақталып қалады. Сол есте ерекше сақталып қалған мұғалім туралы жылдар өте келе ойлансаң, оның азды-көпті өзіңе жүрек жылуын бөлгенін аңдайсың. Жүректен шыққан сөзі, сезімі, жылуы жүрегіңе жетіп, ойыңда мәңгілік сақталып калады.
1968 жылы біздің отбасымыз Тараз қаласына көшіп келді. Жаңадан педагогикалық институты ашылып, әкеміз Нұрғали Сарыбеков, ол кезде жас ғылым кандидаты, жұмысқа шақырылды. Анамыз да педагогикалық институттың «математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасына аға оқытушы болып қабылданып, сол ұжымда 32 жыл өмірінің соңғы күніне дейін абыроймен ұстаздық қызметін атқарды. «Математиканы оқыту әдістемесі» деген пәннің негізгі мақсаты – болашақ ұстаздарды мұғалім-әдіскер ретінде дайындау.
Осы бағытта Жібек Өсімқызы толағай табыстарға қол жеткізді. Оның шәкірттері: «Жібек апай сияқты болғым келеді», «Осындай ұстаздардың болатыны – бақыт», «Жібек апайдың оқыту әдістемесі», – деген ойларын жиі айтатын. Ұстаз үшін шәкірттерінің бағасынан артық баға жоқ қой!
Қазақ халқының біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстазы тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», – деп тегін айтпаған. Расында да, ел тізгінін ұстайтын, ел тұтқасы болатын жас буынды тәрбиелеу ісі ұстаздарға жүктелген. Осындай үлкен жауапкершілік пен міндетті ұзақ жылдар бойы абыроймен орындап, көптеген шәкірт тәрбиелеп шыққан Жібек Өсімқызының атқарған еңбегін ерекше атап өтпеске болмайды. Ең әуелі, ол – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жүректеріне білім отын жағып, шәкірт жанының бағбаны бола білген аяулы ұстаз.
Пединститутта, кейін университетте көп жылдар бойы қатар жұмыс істеген профессор Тәуекел Жанақұлов та біздің ата-анамыздың жарасымды бейнесіне өзіндік көзқараспен келеді: «Тарих қойнауының мол тәжірибесін еске алсақ, ер адамның тұлға ретінде болмысының жетістіктері мен іс-әрекеттерінің, қайраттарының жемістері оның әйелімен қайнасатындығы белгілі. Олай болса Нұрекеңнің ұстаздығының биік шыңы мен имандылығы ол кісінің сүйікті жары, серігі, тірегі әрі өзі де ұстаз Жібек жеңгейдің білімділігімен, сабырлылығымен, ұстамдылығымен, көпшілдігімен тікелей сабақтасып жатқандығы және ерінен мұра болып қалған рухани дүниенің иесі екендігі тайға таңба басқандай анық. Бұл екі ұстаздың, ұстаздар қанат жайып ұшқан үлкен киелі ұяның ұйтқысы болуы кездейсоқ жағдай болмаса керек. Бұл келелі заңдылықтың қомақты жемісі».
Біздің әкеміз бен анамыздың бірге ғұмыр кешкен 42 жылдың шежірелі шындығын түгел ашу мүмкін болмас.
Қай адам болмасын – жазылмаған роман. Дүниеге талай ұрпақ келіп, талай ұрпақ өтіп жатыр. Қаншама сыр, арман- мұрат, тағдырлы жайлар, қызықты қайталанбас оқиғалар айтылмай іште кетті десеңші. Өйткені, әрбір адам – жеке тағдыр. Сондықтан да адамның өмірінде, жалпы адамзаттық руханиятта жазудың орны бөлек. Оқу, жазу – мәдениеттің шырқау шыңы, түп негізі. Жазу арқылы ғана адамның болмыс- бітімі, бейнесі мен ой-сезімі, бастан кешкен жайлары, әр уақыттағы әр алуан түйсік-танымдары, өмірлік көзқарастары мен ұстанымдары қалпын бұзбай артында қалады, кейінгі ұрпаққа жетеді. Сондықтан да халқымыз «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деп бекер айтпаған. Хатқа, жазуға түскен жай ғана артқыға шындық күйінде жетпек. Қайбір жазудың сол сәтте бағасы болмағанмен, кейін құндылығы артады. Қайтып оралмас өтіп кеткен уақыттың тынысынан белгі беріп, көңілде қимас сезім туғызады. Өйткені жылжып бара жатқан ғұмырдарияны, уақытты тоқтататын күш жоқ. Зырлап өткен уақыт тарихқа айналса, хатқа түспеген қаншама ғұмырдың сыры мен шындығы ешкімге жетпей сол күйінде ұмыт болмады десеңші. Жарқырап өткен талай жандардың өзі дүниеден өткен соң, уақыт өте келе бәрібір ұмыт болады.
Сондықтанда болар анамыз әкемізге арнап «Бәйтерек» деген кітапты құрастырып шығарды. Бұл кітап – анамыздың әкемізге қойған рухани ескерткіші, мәңгілік махаббатының белгісі деп қабылдаймыз.
Жүректің терең түкпірінен тебіреніп шыққан мына өлең жолдары, арнайы іздеген жоқтауы да анамыздың азаматына деген мәңгілік сүйіспеншілігін білдіргендей:
Атпаған таңдарыңды атыратын,
Ұрпағыңмен мәуелеп жапырағың,
Нұражан жатқан жерің пейіш болсын,
Торқа болсын төсенген топырағың.
Айналайын атыңнан,
Нұр дидарлы затыңнан,
Сарғайдым да сағындым,
Рухыңа табындым,
Шуақ еді-ау жан-жағың,
Хош, аяулы жан-жарым.
Әкеміз Нұрғали Сарыбеков – елімізге белгілі қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Акмеология және Қазақ Халық Экология Академиясының академигі. Қазақстанда «экологиялық педагогика» деген ғылымның негізін қалаушы. Ғылым жолы ауыр екені белгілі. Кедір-бұдыры көп өмір жолындағы әкеміздің қиындықтарды жеңіп шығуда анамыздың атқарған қажырлы еңбегі айрықша.
Анамыз Жібек Өсімқызының өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі. Артында ұл- қыздары, 18 немересі мен 24 шөбересі, көптеген бауырлары мен достары, өзінен білім алған мыңдаған шәкірттері қалды.
«Орнында бар оңалар» дегендей, Құдайға шүкір, анамыздың өмір жолын жалғастырушы ұрпақтары тұрғанда, анамыздың нұрлы бейнесі жүрегімізде мәңгілік сақталады.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.