Жаңалықтар

АҚШ билігіне Трамп қайта келді: Алдағы ахуал қандай болмақ?

Дональд Трамп түрлі жанжалдарға, қылмыстық айыптауларға және өзіне екі мәрте жасалған қастандыққа қарамастан екінші рет АҚШ Президенті атанды. Әлем назарын өзіне аударған бұл саяси науқан өзге ел ғана емес, Қазақстанның да тағдырына әсер етуі мүмкін.

ҚАЗАҚСТАН – АҚШ АРАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Екі ел арасындағы ынтымақтастық Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылдың 25 желтоқсанынан бастау алады. Ал келесі күні қос мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнап, 1992 жылдың 15 қыркүйегінде елімізде АҚШ-тың, 30 қазанда АҚШ-та Қазақстан елшілігі ашылды. Америка Құрама Штаттары 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің қатарында тарихқа енді және содан бері қауіпсіздік пен экономикалық даму тұрғысынан сенімді серіктес болып келеді. Қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау саласындағы Америка-Қазақстан ынтымақтастығын осы қатынастардың іргетасы деуге болады. Бұған Қазақстанның Вашингтонда, Сеулде және Гаагада ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерге қатысуы дәлел бола алады. Қазақстан алғаш рет 1993 жылы КСРО-дан сарқыт боп қалған ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жапқан кезеңде ядролық қаруды таратпау саласындағы өзінің жаһандық көшбасшылығын айқын көрсетті. Әрі қарай АҚШ Қазақстанға ядролық оқтұмсықтарды, қару-жарақ материалдарын елден шығаруға көмек көрсетті. 1994 жылы Қазақстан Америка Құрама Штаттарына жарты тоннадан астам қару-жарақ уранын тапсырды. 1995 жылы Қазақстан өзінің соңғы ядролық оқтұмсықтарын әкетіп, АҚШ-тың көмегімен 2000 жылдың мамыр айында Семей сынақ полигонында ядролық сынақтар үшін 181 туннельді герметизациялауды аяқтады. Одан кейінгі онжылдықта АҚШ пен Қазақстан Семей сынақ полигонында ядролық сынақтар үшін тағы 40 туннельді герметизациялау бойынша бірлесіп жұмыс істеді. 2021 жылы Америка Құрама Штаттары осал бөлінетін материалдарды қорғауды қамтамасыз етуге және Семей сынақ полигонының аумағында ядролық материалдардың таралуына қарсы тұруға бағытталған бірқатар жобаларды сәтті аяқтады. Сондай-ақ, АҚШ пен Қазақстан аз байытылған уран отынын пайдалану үшін үш қазақстандық зерттеу реакторының екеуін бірлесіп қайта жасақтап, Қазақстаннан барлық сәулеленбеген жоғары байытылған уран отынын алып шықты.

Қазақстанның қауіпсіздік күштері халықаралық әскери білім беру мен кадрларды даярлаудың америкалық, шетелдік қарулы күштерді қаржыландыру, табиғи апаттар мен азаматтық көмек кезіндегі шетелдік гуманитарлық көмек бағдарламасынан, Уэльс бастамасы қорынан, бітімгершілік операциялар жөніндегі жаһандық бастамадан және серіктестердің әлеуетін арттыру бағдарламасынан қаражат алады. Қазақстандық әскерилер АҚШ қаржыландыратын «Дала бүркіті», «Викинг» және «Шанти Прайас» сияқты әскери жаттығуларға қатысады. Қазақстан тауар айналымы бойынша Америка Құрама Штаттарының 81-ші сауда серіктесі ретінде тіркелген. 2023 жылы Қазақстанның АҚШ-пен тауар айналымы 2022 жылмен салыстырғанда 32,7 пайызға өсіп, 4 миллиард доллардан асып жығылды. Америкалық фирмалар Қазақстанға мұнай-газ секторында шоғырланған ондаған миллиард долларды инвестициялады. Қазақстан сыбайлас жемқорлық пен келісімшарттарды өз бетінше қолдануды қоса алғанда, елеулі проблемалар сақталса да, қолайлы инвестициялық ахуал құруда белгілі бір жетістікке қол жеткізді. Екіжақты инвестициялық шарт және АҚШ пен Қазақстан арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау туралы шарт тиісінше 1994 және 1996 жылдардан бастап қолданылады. Қазақстан 2015 жылғы 30 қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болды. 1974 жылғы АҚШ-тың сауда туралы Заңының 402 және 409-бөлімдері Президенттен жарты жылда бір рет АҚШ Конгресіне Джексон-Вэниктің сауда туралы заңға енгізген түзетулеріне сәйкес келетін Қазақстанды қоса алғандағы елдердің эмиграция бостандығы туралы Заңының ережелерін сақтауы туралы есеп беруді талап етеді. АҚШ-тың коммерциялық қызметі қазақстандық нарыққа шығуға тырысатын америкалық компанияларға кеңес беру, маркетингтік зерттеулер және қазақстандық кәсіпорындар арасынан серіктестерді іріктеу бағдарламасы арқылы ұдайы қолдау көрсетеді.

АҚШ-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА КӨМЕГІ

АҚШ үкіметінің Қазақстанға көрсеткен көмегі трансұлттық қатерлермен (адам саудасы, есірткі, терроризм және жаппай қырып-жою қаруын тарату) күресуге, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының дамуын қолдауға, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық рөлін арттыруға жәрдемдесуге, Қазақстанның инвестициялық және сауда ортасын жақсартуға, Үкіметке тиімді әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлыққа және киберқылмысқа қарсы күрес, Қазақстанның арзан экологиялық таза энергия өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі күш-жігерін қолдауда да АҚШ-тың ықпалы зор.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРҒА МҮШЕЛІГІ

Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары көптеген халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) және еуроатлантикалық әріптестік Кеңесінің мүшесі. Еліміз 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды және 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Сондай-ақ, Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымының (НАТО) «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасының белсенді қатысушысы. Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құрды. Қазақстан сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) мүшесі болып табылады. Қазақстан жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы конвенцияға да (СИТЕС) қол қойды.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫС

Қазақстан мен АҚШ арасындағы жылдар бойы берік нығайып, үзілмеген айқын байланыс – энергетикалық қарым-қатынас. Екі мемлекет те әлемдік мұнай нарығындағы ең ірі ойыншылар қатарында. Егер Трамп кенеттен жеңіс тұғырында сөйлеген сөзіндегі тұспалын жүзеге асырып мұнай өндірісін арттырып жіберетін болса бұл қадам Қазақстан экономикасын тығырыққа тірейтіні сөзсіз. Ескі де жаңа президент өзінің протекциялық саясатына қайта басып, тарифтерді ұлғайтып, сауда келісімдерінің шарттарын қайта қарауы әбден мүмкін. Тиісінше бұл жаһандық экономикалық дамуды тежеп, энергия тасымалына сұранысты азайтып, мұнай бағасын арзандатып жіберуі ықтимал. Ал мемлекет кірісінің басым бөлігі мұнайдан түсетін қаражаттан тұратын Қазақстан үшін бұл қадам жалпы экономикалық өсім тұрғысынан ауыр соққы болары сөзсіз. Сондай-ақ, Трамптың жеңісі доллардың нығаюына да әсерін тигізбей қоймайды. Америкалық валютаның қазанда қатты қымбаттауына қарап теңге курсының айтарлықтай құлдырайтынын болжау қиын емес.

Ақ үйдің жаңа қожайыны елімізге тағы да бірқатар экономикалық қатер тудыруы мүмкін. Мұнай бағасының төмендеуін АҚШ-тың Қытайға ескі әуенге салып тағы да сауда соғысын ашуымен байланыстыруға болады. Бұл да күтілетін сценарий. Дегенмен, бұл Трамптың соңғы мерзімі болғандықтан оның мұндай әрекеттері екі жылдан соң соншалықты маңызды рөл атқара қоймас. Себебі, көптеген елдер оның саяси стилінен хабардар. Сол себепті олар Ақ үй басшысына шығындарын азайту үшін барынша констурктивті нұсқадағы шешімдерді ұсынатын болады. Трамптың түсініксіз әрекеттеріне әлемнің иммунитеті біршама қалыптасып қалғаны анық.

Ал, жалпы алғанда Дональд Трампқа Қазақстанмен текетіресуге ешқандай себеп жоқ. Керісінше, АҚШ-тың ұзақ мерзімді мүддесі – біздің елмен дос болу және оны өзінің басты бәсекелестері Ресей мен Қытайдың ықпал ететін салаларынан алыстату. Тек мәселе Трамп бұл тұрғыда қаншалықты жұмсақ немесе тым шалт әрекет ететінінде. Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімінде «АҚШ-тың Орталық Азиядағы 2019-2025 жылдарға арналған стратегиясы» қабылданды. Байден әкімшілігі бұл стратегияны құрдымға жіберді. Сондықтан қазір республикалықтардың жағдайды түзетуге мәжбүр болары анық. Сонымен қатар, Трамптың сайлануы «АҚШ-тың Қазақстан бойынша интеграцияланған елдік стратегиясын» қайта қарауға мәжбірлеуі мүмкін. Бұл құжатта Вашингтон Астанаға ықпал ету үшін Мәскеумен және Бейжіңмен бәсекелес болатынын мәлімдеген болатын. Қазақстан бойынша интеграцияланған стратегияны 2022 жылы Джо Байден әкімшілігі қабылдаған еді. Жаңа әкімшілік оны толығымен қайта қарауы немесе белгілі бір өзгерістер енгізуі мүмкін. Жалпы, Қазақстан – Америка қарым-қатынастарында энергетикалық фактор, атап айтқанда, АҚШ пен Қазақстанның екі мұнай-газ алыбы Chevron және Exxon Mobil-дың кірісі ерекше рөл атқарады. Атап айтқанда, Теңіз кен орнының маңызы зор. Біздің үкімет қазір Еуропалық капитал үстемдік ететін Қашаған мен Қарашығанақта салып жатқан консорциумдарды сотқа беріп, оларға миллиондаған долларлық талап-арыз тастады. Ал Теңіз кен орны бойынша әзірге ешқандай мәселе жоқ. Расында Қазақстан мен америкалық мұнай алпауыттары арасындағы ынтымақтастық біздің елімізді ықтимал саяси тұрақсыздықтардан жақсы сақтандырады.

Алайда, Трамп билікке келгеннен кейін АҚШ-тың Қазақстанға және жалпы Орталық Азияға деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін екенін жоққа шығармаған жөн. Республикалықтардың көшбасшысы сыртқы емес, ішкі саясатқа басымдық береді. Себебі, ол Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясына аса тәнті емес. Трамптың есімі АҚШ-тың ішкі мәселелеріне айрықша назар аударуымен және халықаралық міндеттемелерді төмендетуімен танымал. Нәтижесінде АҚШ тарапынан экономикалық ынтымақтастық пен инвестициялар көлемі қысқаруы мүмкін. Бұл Қазақстаннан өз экономикасын әртараптандыру үшін жаңа серіктестер мен нарықтарды іздеуді талап етеді.

«СОҒЫСТЫ БІР ТӘУЛІКТЕ ТОҚТАТАМЫН»

Дональд Трамптың осы сайлау науқанында әлемдік БАҚ-та резонанс тудырған сөзіне сенсек, Ресей мен Украина арасындағы мәселені бір-екі қоңыраумен шеше алады. Бұл астамсудың рас-өтірігіне алдағы бірнеше айда көз жеткіземіз. Сарапшылардың пікірінше, Трамптың Ресейге әсер етуінің екі нұсқасы бар. Бірінші және ең айқын дипломатия: Америка президенті Путинмен түсінісетініне және онымен келісе алатынына бірнеше рет сендірді. Екінші нұсқа – санкциялар. Дональд Трамптың Ресей мен Украина арасындағы кикілжіңді қалай тоқтататынын болжау қиын. Шамасы, ол Қытайдың күн сайын артып келе жатқан ықпалына, соның ішінде АҚШ-тың Еуропа мен Таяу Шығыстағы мүдделеріне әсері тұрғысынан көбірек қызығушылық танытады. Егер бүкіл америкалық элитаны алсақ, республикашылар демократтарды Қытайға қарсы емес, Джозеф Байден әкімшілігі бейнелеген Ресейге қарсы партияны жеңді. Трамп пен оның командасы Ресейге адал деп айтуға болмайды, бірақ олар орыс-украин қарулы қақтығысына онша қызығушылық танытпайды. Трамптың Украинаны Байден әкімшілігі сияқты қаржылай немесе қару-жарақпен қамтамасыз етуі екіталай. Алайда, Ресейге қарсы санкциялардың күшін жою туралы (демек, Қазақстан үшін қайталама санкциялар қаупін азайту туралы) айтуға әлі ерте. Себебі, алғашқы президенттік мерзім кезінде Дональд Трамп Қырымды басып алғаннан кейін 2014 жылы Ресей Федерациясына қарсы санкцияларды жойған жоқ. Бұл қазір де неғайбыл нәрсе.

Трамптың төңірегіне кімдерді топтастыратыны да көп нәрсе шешеді. Республикалықтардың арасында антиресейлік көзқарасы тым тереңде жатқан небір мықтылар бар. Трамп өз саясатының өрнегін осындайларға қарайлап отырып құратыны анық. Трамп тағына жайғасып алған соң Путинмен тікелей немесе құпия келіссөздер жүргізуге оқталғанда Ресейдің бірбеткейлігімен бетпе-бет келуі әбден мүмкін. Мұндайда Трамптың жұмсақтық танытпайтыны анық. Егер Ресей айтқанынан қайтпаса, Трамп өз әрекетін жеткіліксіз деп санап өзге де контршараларды қолданып, қарсы тарапты ымыраласуға мәжбүр етеді. Мұндай жағдайда Трамптың санкцияларды кенеттен алып тастайтынына иек арту қиын.

Тағы бір нәрсе, Ресейге қарсы жаңа санкциялар болмауы да мүмкін. Бұл жағдайда қазақстандық компаниялар енді Ресей Федерациясымен сауда жасау барысында бас қатырмайды. Ақыр соңында, Трамп Ресей-Украина соғысын гуманизм үшін емес, АҚШ шығындарын азайту үшін аяқтауға мүдделі. Бірақ, экспорттың негізгі өнімдері бойынша АҚШ Ресейдің тікелей бәсекелесі болып қала береді. Сондықтан Ресей Федерациясына қысымды төмендету оларға тиімді емес. Трамп әкімшілігінің Украинаны қолдауға құштарлығы аз. Сол себепті Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің ауылы алыс емес.

ҚЫТАЙМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?

Трамп Ресейге қарсы санкцияларды әлсіретіп, Орталық Азия арқылы Ресей Федерациясына жеткізілімдерді мұқият бақылауды тоқтатса, бұл Қазақстанға арқасын кеңге жаюға болады дегенді білдірмейді. Себебі, Дональд Қазақстанмен берік экономикалық байланысы бар басқа елге, атап айтқанда Қытайға оң қабақ танытпайды. Трамп Ақ үйге оралып, Қытайға бұрынғыдан да қатал қарсылас атануы мүмкін. Бірақ, мұнда көп нәрсе маңайындағы ақылмандар оған қандай кеңес беретініне байланысты. Вашингтонның «сұңқарлары» Трампты Қазақстанға экономикалық соққы беру арқылы Ресей мен Қытайға қысым жасау тиімді және пайдалы екеніне сендіруі мүмкін. Алайда, мұндай болжамның жүзеге асуына ықтималдық аз.

АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың қалай дамитынын болжауға әлі ерте. Бірақ, егер екі әлемдік держава арасында сауда-экономикалық соғыс қайта басталса, Қазақстанның да құрыққа түсу қаупі бар. Егер жағдай ушығып кетсе, АҚШ Қытайға қарсы санкциялар енгізе бастайды. Мұндайда Қазақстанға оңай болмайды. ҚХР – еліміздің маңызды сауда серіктесі. Қалай болғанда да, Трамп кезіндегі АҚШ-тың сыртқы саяси бағыты сөзсіз өзгереді. Бұл Қазақстанға қаншалықты тиімді болатыны үлкен мәселе. Десек те Орталық Азияның ірі экономикалық орталығын Қытайдың ықпалына беру Трамптың тарапынан көрегенділік болмас еді. Екінші жағынан, Америка Құрама Штаттары үшін мүлде басқа аймақтар басымдыққа ие.

Трамп әкімшілігі үшін Қытайдың артып келе жатқан ықпалын тоқтату маңызды. Ол осы бағытта барлық ресурстарды түгел пайдаланып тастауға дайын. Сонымен қатар, ол Таяу Шығыстағы жағдайға көбірек қызығушылық танытады. Бір кездері ол Израильді қатты қолдап, әсіресе Иерусалимді осы мемлекеттің ресми астанасы деп таныған болатын.

P.S:

Ал күні кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трампты жеңісімен ресми түрде құттықтап, «екіжақты ынтымақтастықтың үдемелі дамуына» сенім білдірді. Сәл кері шегінсек, алғашқы президенттік мерзімде Дональд Трамп пен сол тұстағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Трамп Америка Құрама Штаттарының президенті болып сайланғаннан кейін көп ұзамай алғаш рет телефон арқылы сөйлесті. Ал екеуінің алғашқы кездесуі Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен араб-ислам-Америка саммитінің аясында өтті. Екі елдің көшбасшылары өз елдері арасындағы екіжақты қатынастарды нығайту және «сауда-экономикалық, саяси, мәдени және гуманитарлық салалардағы қатынастарды тереңдету» перспективалары туралы пікір алмасқан болатын. Кейінгі мәлімдемелерінде Дональд Трамп бұл кездесуде екі көшбасшы «тікелей қарым-қатынас орнатты» деген пікір білдірді. 2018 жылы 16 қаңтарда Президент Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевпен Ақ үйде кездесіп, бұл Қазақстан басшысының Вашингтонда 2006 жылы сол кездегі президент Джордж Бушпен кездесуден кейінгі алғашқы сапары болды. Ауғанстандағы, Сириядағы және Ресейдегі нақты жағдайларды қоса алғанда, кездесуде «өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті ілгерілетуге», сондай-ақ Қазақстанның АҚШ-пен ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастығына басты назар аударылатынын мәлімдеді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамппен алғаш рет 2019 жылғы 25 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясының алаңында кездесті. Президенттер саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келіскен болатын.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ