Аймақ намысын қырық палуан қорғамақ
Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен бас-аяғы 47 өңірден келген 450-ден астам палуан Тараз төрінде өзара кім мықтыны анықтауда. Анығырақ айтқанда, бірер күн бұрын облыс орталығындағы даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен өтетін ересектер арасында ел біріншілігінің түндігі түрілді.
Айта кетейік, білектілер бәсекесі КСРО-ның және елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы, облыстың құрметті азаматы Марат Жақыттың 80 жас мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Жалпы, саналы ғұмырын ұлттық спорттың дамуына арнаған Марат Нұрмұхамбетұлы КСРО және Қазақстан құрамасын ұзақ жылдар бойы басқарған азамат. Өз кезегінде тәжірибелі маман еңбек сіңірген 2 спорт шеберін, халықаралық дәрежедегі 25 спорт шебері мен спорт шебері атағын иемденген 130 шәкірт тәрбиелеген. Айтулы жарыстың ашылу рәсіміне арнайы қатысқан еліміздің Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов соңғы жылдары республикамызда төл спортымыздың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, бұл чемпионаттың маңыздылығын атап өтті. Министр өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерінің дамуына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.
Атап өту керек, осынау жарыста ел палуандары 16 салмақ дәрежесінде өз бақтарын сынауда. Ал, 40-қа жуық спортшыларымыз өңір намысын қорғайды.
Есен ӨТЕУЛІ