Тұғыры биік тұлға
Биыл қазақ сатирасының саңлағы, шоқ тілді Шона Смаханұлының туғанына – 100 жыл. Саналы ғұмырын ұлт руханиятының қалыптасуына арнап, ана тіліміздің жоқтаушысы атанған қайраткер ақынның мұраларын насихаттауға бағытталған іс-шаралар легі туған жерінде жалғасын тапты. Ғасырлық мерейтой қарсаңында елімізге танымал ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен ақынның көзін көрген шәкірттері облыс орталығында ақынның атын иемденген №44 орта мектепте дарынды талант иесінің бюстіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Тағылымға толы іс-шарада мектеп оқушылары Шона шығармаларынан үзінділер оқып, іс-шара А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрындағы республикалық ғылыми конференцияға ұласты.
Ғылыми конференцияға модераторлық еткен ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып ақынның өмір жолынан сыр шертіп, сатириктің күрескерлік қабілеті, педагогикалық қыры жөнінде сөз тарқатты.
Жастайынан нағашының қамқорында болып, өмірдің сүрелең соқпақтарында сүрінбей, қандай қиындыққа болсын мойымай өскен Шонаның шығармашылық жолы да күрескерлікке толы болды. Ол қоғамдағы қандай да бір келеңсіздіктерді қаламына арқау етіп, шымшымаға, фельетонға айналдыра білді. Әсіресе, ақын қазақ тілі үшін аянбай күресті. Тіл жанашырының бұл жолдағы ерен еңбегі туралы ақынның ұлы Ұлан Шонаұлы: «Сол кездері Алматыда екі-ақ қазақ мектебі болды. Оның бірі аудан-ауылдардан келіп оқитын №4 мектеп-интернаты болса, екіншісі №12 мектеп. Отбасымызда бауырларымыздың бәрі сол №12 мектепті тәмамдап шықтық. Әкеміз үйде де, түзде де ана тілімізде сөйлеуді қатаң қадағалап отырды. Өзі сол кезеңде тегін «ов», «ев»-сіз жаздырған аз қазақтың бірі болғасын, біздің де тегімізді «ұлы» немесе «қызы» деп жаздырды. Тіпті, көшеден орысша сөйлеген қазақ жастарын көрсе соларға «Неге сен қазақша сөйлемейсің?» деп ұрысып жататын, солар үшін күйінетін. Теледидар қарап отырса да сол кездегі бағдарламалардағы қазақ тілін бұрмалаушылықты өткір сынап, шығармаларына арқау етіп отыратын», деп еске алады. Міне, осы бірегей болмыс пен ұлтшыл азаматқа тән даралық қасиет оны тұлғалық тұғырдың биігіне көтеріп, ұлтының сүйікті перзентіне айналдырған болса керек. Ал, оның бүгінгі ұрпаққа еншілеген мол мұрасын насихаттау әрбір ел азаматының парызы. Бұл туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев те қазақ халқы барда, ақын есімі мәңгілік ел жадында сақталатындығын атап өтті.
Бұдан кейін ғылыми конференцияда Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып, Президенттің арнайы құттықтауы мен сәлемін жеткізді.
Шынында Шона есімі тек жергілікті деңгейде ғана насихатталумен шектелмеуі керек. Республикалық ғылыми конференцияның да діттеген мақсат-мүддесі осы. Өйткені қазақ сатирасы сөз етілгенде Оспанхан Әубәкіров, Асқар Тоқпанов, Қалтай Мұхамеджановпен Шона Смаханұлы да қатар айтылады. Ал, сатирик шығармаларының Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбекпен бірге әзіл-сықақ жанрдағы бүкілодақтық «Крокодил» журналының жеке кітапханасынан арнайы серия болып шығуы қазақ сатирасындағы соны құбылыс еді. Сол себепті де айтулы жиында түркі әлемі елдері жазушылар одағы ұйымдарын біріктірген ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сатирик туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, ТҮРКСОЙ ұйымының құттықтауын жеткізді.
Сонымен бірге конференцияда ақынның жерлес бауырласы, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Жанғара Дәдебаев, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбекұлы ақын мұрасының өміршеңдігі туралы сөз етсе, жазушы Нұрдәулет Ақыш пен жазушы-сатирик Ермахан Шайхыұлы сатириктің Алматыда 25-ке жуық мектеп пен балабақша ашуға себепкер болған күрескерлік бейнесі туралы сөз қозғады. Ал, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов, Жазушылар Одағы төрағасының, филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының арнайы құттықтауларын жеткізіп, жергілікті қаламгерлердің ақсақалы Елен Әлімжан мен балалар жазушысы Әдібай Табылдиев Шонаның ұстаздық қыры жайында айтып өтсе, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы ақын есімін насихаттау мақсатында елордадағы мектептердің біріне Шона Смаханұлының есімі беріліп, Алматыда көше атауы ақынның атымен аталса деген ұсынысын жеткізді.
Бұдан бөлек, конференцияда Түркістан облысынан келген сықақшы-сатирик Алпысбай Боранбай ақынның 120-дан астам әнге сөз жазғандығын, халық арасында мәтелге айналған «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» тіркесінің авторы екендігін еске салып, Қыз Жібек операсындағы «Шегенің ариясына пародиясын» орындады. Жиын соңында «Ер Шона» жинағының тұсауы кесіліп, салтанатты іс-шаралар легі Баласағұн концерт залындағы кітаптар көрмесі мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастырумен өткен «Ер Шона» әдеби-сазды кешіне ұласты.
Нұрболат АМАНБЕК