Әдебиет

«Алтын қанат арманым...»

Көрнекті сатирик-ақын, қайраткер тұлға Шона Смаханұлының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Әр жылдары қаламгердің «Тотияйын», «Әнші әтеш», «Жасырайық несіне», «Жымияды жеңешем» және тағы да басқа сатиралық кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар, Шона Смаханұлы әдебиеттің сатира жанрында ғана емес, поэзия, проза жанрында да өнімді еңбек еткен тұлға. Сондай-ақ, қаламгердің мысал-сықақтары мен шымшыма-шаншымаларының өзі бір төбе. Қаламгер әр шығармасында қоғамның шындығын шебер тілмен, астарлы әзілмен жеткізе білген. Күлдіріп отырып күрсіндіретін туындыларының өміршеңдігі де оның шыншылдығында жатыр. Ал, Шона Смаханұлының поэзиясы – ұлттық таныммен өрілген өміршең өлеңдер жинағы.

СӘБИІМ

Жас қанатым, қос қанатым – сәбиім,
Өзіңменен күнде думан ән үйім.
Бүлдіршіндей көп бөбектің ішінен,
Нұр жүзің мен бал үніңнен танимын.

Отанымда орны бірдей ұл-қыздың,
Мөлдіреген бұлағындай шың-құздың.
Ел аманда, сен аманда, алтыным,
Аспандағы керегі не жұлдыздың!

Таңмен бірге жұмысыма барамын,
Кешке дейін сағынып-ақ қаламын.
Тамағыңның жұпарынан бір жұтсам,
Мейірім қанып, жан мерейін табамын.

Тыныштықты тілеген пәк сезіммен,
Бағыңды ойлап кейбір түнде көз ілмен.
Айналайын мұрыныңнан тәмпиген,
Айналайын жәудіреген көзіңнен.

ТАЛАС ӨНЕРПАЗДАРЫНЫҢ ӘНІ

Айнадай мөлдіреп аспаны,
Ауаны жаңғыртқан жақсы әні.
Бақшада сайраған бұлбұлдай
Таластың өнерпаз жастары.

Ақ шалқар көліміз,
Қоңыржай
Жел ескен жеріміз.
Кең жайлау – төріміз,

Кел, достар,
Қонаққа келіңіз!
Жайлауын төрт түлік кернеген,
Аққудай ақ бидай тербелген.

Еңбектің жұлдызды ерлері
Жарыстың жүлдесін бермеген.
Құтты жер, аяулы Таласым,

Жыл сайын өркендеп барасың.
Сен едің отау ғып шығарған
Әйгілі Қаратау қаласын.

БАҚЫТТЫҢ ЖАҚСЫ ЕРТЕСІ

Өмірдің әсем әр таңы,
Күндер көп тойы торқалы.
«Сүйінші» деген секілді,
Бүлкілдеп қана –
Қабағым жиі тартады.

Жүрегім неге бұлқынды,
Сезімім неге сілкінді?!.
Гүл шоғын әкеп сыйлар ма,
Арманым болған –
Аяулым менің сүйкімді.

Алдымнан туып ақ күнім,
Жүрекке жетсе тәтті үнің.
Бақыттың жақсы ертесі.
Сағынта бермей
Тезірек келші, шаттығым!!!

РАҚМЕТ САҒАН, КӨКТАЛЫМ

Бәрі де бәрі есімде –
Көк терек, жиде, ақ талың.
Жүйткіген жердің төсінде
Бармысың, көркем Көкталым?!

Аңызақ төрт жыл дікілдеп,
Құртты-ау деп қорқып жүр едім.
Тұр екенсің-ау лүпілдеп,
Секілді қыздың жүрегі.

Кілемдей әсем көгалда
Аунап та қунап жаттым-ау.
Бетімді тосқан самалға,
Саяңнан рахат таптым-ау!

Құралай көзді бұлақтан
Қолыммен іліп су іштім.
Қызметін көрдім қуантқан
Ізетшіл бауыр-туыстың.

Көкталым, сені көгерткен
Құрманов ата қайда екен?
Сұрадым көптен әдеппен,
Қайда екен,
Қандай жайда екен?!

Атамыз ісін атқарып,
Сексенге таяу жетіпті.
Мәпелеп күткен Көкталын,
Жастарға тарту етіпті.

Көкталы қыран самғайтын,
Жай болған жазда дем алар.
Аспанда күнді қорғайтын
Шырқап жүр әнін балалар.

Гүлдене берсін маңайың,
Ақ жайлау – екі қапталың.
Нұр жұтар жері талайдың,
Рақмет, саған, Көкталым!

ОН САУСАҚ

Төрт түлікті төлдетіп,
Күрпілдетіп мал саусақ,
Сүт бұлағын селдетіп,
Ағызатын он саусақ.

Шаршы топпен жалғасып,
Күмбірлетіп күй тартсақ,
Он пернені дәл басып,
Ойнақтаған он саусақ.

Көкте бұлтпен таласқан
Он бес қабат үй салсақ,
Көк кірпішін қаласқан
Тегеурінді он саусақ.

Алма, жүзім, өрікті
Майыстырып бау салсақ,
Аулымызды көрікті
Ететін де он саусақ.

Көз жеткісіз көлемі
Көктемеде дән салсақ,
Күзге салым мол өнім
Жинап берер он саусақ.

Айға, Күнге, Марсқа,
Жұлдыздарға жол салсақ,
Оздыратын жарыста
Ақыл-ой мен он саусақ.

АРМАН ҚҰСЫМ

Алтын қанат арманым
Жақын келді жаныма.
Бұлдыр тартып жан-жағым,
Менде сабыр қалды ма?

Айлар, жылдар тосқан ем,
Күтіп едім сағынып.
Орта жолда басқамен
Жүрмегей деп жаңылып.

Жақын келді-ау сілкініп,
Жалт-жұлт етіп жайнаңдап.
Осалдығын шіркіннің
Ойламаппын ба мен бейбақ.

Отша жанды жүрегім,
Болдым сонда жыларман.
Жадау тарттым, жүдедім,
Шықпағасын құмардан.

Қызығыңды бір сәттік
Қызғандың ба, жалған-ай!
Күндерімді қымбатты
Қойғаның не жалғамай?!

Арман құсым кетті ұшып,
Жете алмадым қамшылап.
Қала бердім көзімнен
Мөлдір моншақ тамшылап.

САҒЫНДЫМ

Көңілдің күйін қозғаған
Атаның даусын сағындым.
Енесін тосып боздаған
Ботаның даусын сағындым.

Не десең өзің біл дескен,
Ағайын, сені сағындым.
Мәз бола жүріп гүл кешкен,
Тоғайым, сені сағындым.

Бой балқытқан асыл леп –
Ауылымның ауасы-ай!
Жалбыраған жасыл шөп –
Өзенімнің жағасы-ай!

Әуелеп ұшқан қаздарды
Қаз-қалпында көрсем-ау!
Сонау жылғы қыздарды
Жас қалпында көрсем-ау!

Талпынған шақта арманға,
Қайысып қанат талғанда,
Не жетсін бойға күш берер,
Сағынар елің болғанға!