Аймақ

Тұрғындар мәселеcі тұрақты назарда

Республикалық мобильді қоғамдық қабылдау Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе және Құмарық ауылдарында өтті.

Қоғамдық қабылдауға Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің консультанты Сағындық Жылқыбаев, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеев, басқарма басшылары мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.

Шара алдымен Батыс Еуропа–Батыс Қытай автодәлізінің бойында орналасқан Ақыртөбе ауылында өтті. Бүгінде 2 500-ден астам азамат тұратын ауылдың айналысатын негізгі тіршілігі егін және мал шаруашылығы. Ондағы тұрғындар жайылым жер, емхана, күрежол бойынан мал өткелін салу сынды мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, ауыл халқы мектептің спорт залын үлкейту, банкомат салу сынды өтініштерін де жеткізді.

Келесі кезекте аманаттықтар мен жергілікті әкімдіктің өкілдері Құмарық ауылдық округі тұрғындарымен тілдесіп, жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді. Құрамына Құмарық, Алғабас, Қаракемер ауылдары кіретін округте тұрғындар бірқатар өтініштерін ортаға салды. Атап айтқанда, пай үлесін алу, шаруашылыққа қажетті жер алу, ауыларалық мәндегі жолды жөндеу бойынша ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде, Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қоғамдық қабылдау барысында көтерілген ұсыныстардың оң шешілуі партия назарына алынатынын жеткізді. Партия бұл орайда жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеп, жұмыстың жүйелі жүзеге асырылуына ықпал ететін болады.

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ,

Amanat партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.