Әлеумет

Батырым

Аты-жөні аталған сәтте арғы жағы өзінен-өзі түсінікті болып жүре беретін, ол кім, не істеп еді (егер марқұм болса), не істеп жүр (егер тірі болса), бет-бейнесі, жүріс- тұрысы, сөзі, күлкісі, реніші көз алдыңа келе қалатын адамдар бар. Смаханұлы Шона – солардың бірі, бірегейі. Тігінен тұрғызып қойған шым кірпіштей шағын да мығым бітісті еді. Ұзын кірпікті қой көзі күлімдеп, күміс тістері айдың сынықтарындай жалтырап, әлдебір әзілін айта амандасатын.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сатирик-жазушы

Ренішті минөт-сағаттары аз болатын, қаншама кездесуімізде Шөкеңнің шырайлы жүзінің қуқылданғанын бір-ақ рет көрген шығармын. 1985 жылдың ақпаны-ау деймін, түс әлетінде кабинетімнің есігі тық-тық етіліп ашылып, домалана кіріп келген Шөкең:

– Мырза, хал жаман, – деп диванға отыра кетті. Орнымнан аңтарыла тұрып, жанына барып отырдым да қолын алып:

– Ассалаумағалейкүм, батыр, не хал, аспан аласара бастады ма? – дедім. Жас айырмашылығымыз біраз болса да екеуміз әзілдесе беретінбіз. Шөкеңді мен «батыр» дейтінмін, ол мені «мырза» дейтін.

– Үш әріп тағы шақырып жатыр, пәле болды. Мен өзім үшін жанталасып жүрген жоқпын ғой, соны ұқтыра алар емеспін, – деді қына тонының түймелерін ағыта бастап. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін жұрт «үш әріп» деп атайтын-ды. Ал, орысшасын – КГБ-ны «комитет глубокого бурения» деп әжуалайтын. Әрине, сырттай айтатын.

– Бұған дейін түк істемегенде, батыреке, енді не істер дейсің? «Шақырдық, келді, түсінік жазып берді» деп күпіну үшін шақырады да. Оларға да «Солай етіңдер!» деген бұйрық бар шығар, апшымағын, – дедім иығынан құшақтап.

– Әй, өздері қызық, біз Алматыда қазақ мектебі аз екенін дәлелдеп, жаңадан ашу керек деп жүгіріп жүрміз. Мәселе Қонаев жолдасқа дейін барып, екеуі ашылды, үшіншісі ашылғалы жатыр, дұрыс қой? Дұрыс! Ал, мына «үш әріптегілер» болса, «сізде ұлтшылдық бірдеңе бар» деп мылжыңдайды. Бүгін де соны айтатын шығар, сағат төртке шақыртыпты атаңа нәлеттер.

– «Бірдеңе бар» дейді, бірақ не барын білмейді, ә? – деп едім, Шөкең маған жалт қарады да:

– Шықты, шықты! «Бірдеңе бар дейді, бірақ не барын білмейді». Соңғы «ә» дегеніңді сұрағыңмен қоса өзің алып қалып, мына жеті сөзіңді маған сат, – деп кенет күліп жіберіп, тіземді нұқып жіберді.

Шөкеңнің көңілдене қалғанына мен де қуанып кетіп:

– Әрине, сатамын, тегін дүние жоқ, батыреке, – дедім.

– Керегіңді ата.

– Атасам, екінші жеңгемізбен қайда, қалай табыстың, соны айтшы.

– Әй, мырза, – деп Шөкең екі алақанын шарт еткізіп, диванға жантая кетті.

 

Ел ағаларының айтқаны:

 

Асқар ТОҚМАҒАМБЕТОВ, сатирик, ақын:

«...Шонаны таптым. Шонаны тауып, шындықты тапқандай болдым. Ойың, көзқарасың, пікірің бір әрі әріптес іні табу адамды ерекше қуанышқа бөлейді екен. Шона – жарқ-жұрқ еткен алмас қылыш. Батыл қаламгер бола беруі мүмкін, ал ол – батыр!».

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

«Қазақ әдебиетінің сатира жанрында Шона Смаханұлының есімі мен еңбегі ерекше құрметпен аталады. Ақын туындылары өмір шындығын шынайы жырлауымен, қоғамның кертартпа құбылыстарын аяусыз әшкерелеуімен оқырман қауымның лайықты бағасын алды».

Кеңес АУХАДИЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері:

«Шонамен мен жақсы араласқан, сыйласқан адаммын. Оның сықақ-өлеңдері мейлі жұмысшы, мейлі саяси қызметкер болсын – дұрыс адам болсын, осыны оқып өзінің бойындағы мінін түзесін деген ойдан туындап жататын».

Және бір жайт әлі есімде. Жұмыс аяқталар мезетте кіріп келген Шөкең қолын соза жетіп:

– Әй, мырза, Абай мен Байкөкшеше өлең туғызайық, келісесің бе? – деді.

– Келісем, батыр, келісем, бастағын.

– «Жазушы» баспасынан келе жатырмын, бір қолжазбам бар еді, соны әнеу бір жігіттер алай деп, біресе былай деп, бүгін ренжіп шықтым. Одақтың хатшыларына барып едім, «баспа бізге бағынышты емес» деп комитетке сілтеді. Соларға арнап: «Орта жүздің одағы, кіші жүздің баспасы», – дедім. Мұным қалай? Кәне, осыны жалғашы, – деп күлді.

– Осы екеуі болмаса, өзімізде басқасы, – десемші дедім мен де бірдеңені тұспалдап. Шөкең бір сәт селт етіп, қолтығына қыса келген қара былғары папкасын диванға тастай бере қарқылдап күліп:

– Шықты, шықты! – деп мені иыққа бір түйіп, диванға отыра кетті. Оқыс жауабымның астарын аңғара қойды. Ол тұста Жазушылар одағының басшысы найман Әнуар Әлімжанов, ал «Жазушы» баспасының директоры кіші жүздік Әбілмәжін Жұмабаев еді. Ал, республиканың, Алматы облысының, Алматы қаласының бірінші басшылары Шөкеңнің руластары болатын.

Тағы бірде:

– Әй, мырза, сен наймансың, бірақ ініңе қамқорлық жасамай жүрсің, – деді.

– Е, кімге?

– Айдарбек Ғазизов деген ғажап карикатурашы-суретші жігіт бар «Халық кеңесі» газетінің редакциясында. Өскеменнен келген. Карикатуралары керемет енді. Соның суреттерін кітап етіп шығарып, талантты қолдау керек. Сен соны қолға алшы, – деді құлшына сөйлеп.

– Ә, ол баланың суреттерін газеттерден көріп жүрмін, бірақ өзін әлі білмеймін, таныса қоймадық.

– Нашарсыңдар деп айтам ғой, – дейді Шөкең ренжіңкіреген кейіппен.

– Батыреке, ұсынысың жақсы, кітабын шығарайық. Оның суреттеріне сен өлеңдетіп текст жаз, ал мен алғысөз жазайын.

– Келістік, – деп қолын ұсынып, менің қолымды қатты қыса жымиды. Ақ көңілімен риза болғаны.

Айдарбектің карикатуралар кітапшасын «Жазушы» баспасынан шығардық. Жас талант қуанышқа кенелді.

Қашанда кімге болсын тек пайда ойлаған, жақсылық жасауға дайын тұратын қайран Шөкем-ай!