Жоба тауарлы несие беруді арттыруы керек
Ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздеген «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына бұл күнде бұқара қатты мүдделілік танытып отыр. Екі жыл бұрын біздің өңірде бастау алған қанатқақты жоба былтыр Ақтөбе облысында іске асырыла бастады. Алайда, ауылдықтардың табысын арттыру, елді мекендердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында қолға алынған айтулы жобаны жүзеге асыруда әлі де кемшін тұстар көп.
Мәселен, бағдарлама аясында өз бизнесін дамыту үшін несие алған ауылдықтар мал шаруашылығынан ары аса алмай отыр. Сондай- ақ, олар жылыжай мен құс шаруашылығы сынды кәсіптерден бойын аулақ ұстауға құмар. Бұдан бөлек, өңір-өңірлерде өндірілмейтін тауарлардың салдарынан бір ғана біздің облыстың 211,9 миллиард қаражаты сыртқа кетуде. Айталық, өңірімізде халық тұтынатын тауарлардың 65- нің 17-сі ғана бар екен. Бұл туралы Премьер- Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен басқосу барысында кеңінен айтылды.
Жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, аудан әкімдері мен бірқатар басқарма басшылары қатысты. Басқосуда ең әуелі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов баяндама жасады. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтен 8028 жоба несиелендірілген. Бұл қаржының есебінен бас-аяғы 57 кооперативтерге төрт түлік сатып алуға несие беріліп, шаруалардың лизиг жүйесінің негізінде ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ, ауылды елді мекендерде өз кәсібін ашу бағытында 91 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылыпты.
Бұдан кейін, сөз алған Үкімет басшысының кеңесшісі Ералы Лұқпанұлы құрамында бар болғаны 3 адам ғана бар кейбір кооперативтердің жұмысы күмән тудыратынын, оларға берілетін 30 миллионға жуық қаражатты қолды болу қаупі бар екенін баса айтты. Ол өз сөзінде өңірдегі елді мекендерден бүгінге дейін 20 мыңға жуық азамат қалаға қоныс аударғанына тоқталып, қарапайым халықты жұмыспен қамту – ауыл әкімдерінің тікелей міндеті екенін жеткізді.
Жиын барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлы несие беру мәселесі де көтерілді. Премьер-Министрдің кеңесшісі «Нұралы» шаруа қожалығының жетекшісі Кәмшат Тілеуованың тірлігін үлгі етті. Ералы Лұқпанұлы аталған кәсіпкерді бұл жиынға арнайы шақырғанын, ол 120 бас ірі қара малын әлеуметтік жағдайы төмен 12 отбасыға тауарлы несие негізінде бергенін атап өтті. Айта кетейік, Кәмшат Шәкірбекқызы Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданының түлегі. Бұған дейін ірі компанияларда қызмет еткен ол әкесі сырқаттануына байланысты шаруа қожалықтың тізгінін өз қолына алуға мәжбүр болған.
Жиын соңында тауарларды сатып алуда жергілікті қамту үлесін ұлғайту мақсатында «Бурненская молочная компания», «ТаразКожОбувь», «ЖЗМК Имсталькон» және «Энерджи – Тараз» серіктестіктерімен ынтымақтастық меморандумдарына қол қойылды.
Есен ӨТЕУЛІ