Жаңалықтар

Әулиеата аймағындағы руханият көктемі

Әлімсақтан әйгілі Әулиеата руханияттың алтын бесігі, парасаттың биік ордасы саналған. Адамзат тарихына ортақ құндылықтардың бір бөлігі Әулиеата аймағында қалыптасып, ғаламзат деңгейіндегі көптеген ұлы тұлғалар да Әулиеата топырағында туған. Қай кезде де руханият ұлттың ұстын-тірегі, рухани тұлғалар қоғам шамшырағы болған. Кезінде бір ғана Тараз шаһарының Шығыс шайырларының ғазалдарына арқау болғанының өзі Шығыстың руханият әлеміндегі ұлы игілік болғаны шындық. Ол тарих қайталанбаса да, тағылым шырағы ретінде мәңгі өшпейді. Дәуірлердің дауысы, заманалардың үні, оқиғалардың естелігі де Әулиеатаның рухани әлемінде сақталып қалды.

Түрлі құндылықтардың орыны ауысып, сана сарсаңға түскен бүгінгідей уақытта руханияттың орыны бөлек. Рухани діңгегі мықты елдің әрқашан еңсесі биік, сөзі түзу, ойы анық болмақ. Әсіресе, жаңа заман жастарын тәрбиелеуде де рухани байлықтың маңызы орасан. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуды мақсат еткен елдің руханият саласында да осал болмағаны жөн дер едік. Бұл тұрғыда ұлы жырау Жамбыл есімін иеленген аймақта бәрекелді дерлік бастамалар көп. Әулиеата жеріндегі руханият көктемі жылдағыдан ерекше. Баса айтатын нәрсе – облыс әкімі Ербол Қарашөкеев руханият саласына айрықша мән беріп, қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде Жамбыл жақтан еліміздің төрт тарабына жыл құсындай жағымды жаңалықтар жетіп жатыр. Бұл да баянды бастамалардың, ілкімді істердің нәтижесі. Облыс әкімінің қолдауымен жиырма төрт жергілікті қаламгердің жеке кітаптарының әрқайсысының мың данамен жарық көруі – аймақ руханиятындағы ұзақ жылдардан кейінгі айта қаларлық оқиғаның бірі болды. Кітаптар аймақ кітапханаларына тегін таратылып, оқырман игілігіне айналды. Шығармасының кітап болып жарыққа шығуы, оның насихатталуы қаламгер қауым үшін де бір мерей.

Шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртаза бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Бүгінде Жуалы ауданының Талапты ауылында, яғни жазушының туып-өскен жерінде «Шерхан Мұртаза атындағы мемориалдық музей-үйі» жұмыс істейді. Кезінде осы үйде жазушының өзі де тұрған, талай шығармаларын жазған. Бүгінде Жамбыл жеріне жолы түскен адамның осы үйді барып көргісі келетіні шындық. Бұл рухани қарашаңырақ қолына енді қалам ұстаған жастар үшін де қастерлі мекен. Қыркүйек айында, яғни жазушының туған күні қарсаңында аймақ басшысы өзі бастап барып, киелі шаңырақта жас қаламгерлермен кездесті. Жастармен емен-жарқын пікір алмасып, талантты азаматтарға қай кезде де қолдау болатынын жеткізген еді. Әрине, бұл да жастарға жол ашатын, жақсы шабыт сыйлайтын дүниенің бірі. Сол сияқты, әйгілі сатирик Шона Смаханұлының ғасырлық мерейтойына орай «Шоқтығы биік Шона» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның Жамбыл жерінде ұйымдастырылуы да аймақтың рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі ретінде тарихта қалады. Әрине, барлық дүниені жіпке тізгендей толық қамтып шығу мүмкін емес. Дегенмен, Жамбыл жеріндегі рухани бастамалардың берері мол екені анық. Мұндай игілікті шаруалар ары қарай да жалғасын тауып жатса, Жамбыл жерінің жасампаз даңқы арта бермек.

Бүгінде тұлға қалыптастыру қоғамдағы күрделі мәселенің бірі. Ұлтына адал қызмет ететін азаматтардың қалыптасуына рухани игіліктердің де әсері мол болмақ. Барлық қоғамда рухани құндылықтар жоғары тұрған, руханият игілігі биік болған. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді, әрбір бастаманың да рухани қоғамды қалыптастыратыны шындық. Әулиеата жеріндегі бүгінгі руханият көктемі болашақта зиялы, саналы ұрпақ қалыптастыруға сеп болып жатса, бұл да үміттің ақталғаны...

 

Хамит ЕСАМАН