Белгілі сатирик Толымбек Әлімбекұлымен бенефис өтті
Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын –жазушы, еліміздің белгілі сатиригі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Толымбек Әлімбекұлының 70 жылдығына орай «Әзіл аялдамасында Толымбек» атты бенефис кеші өтті, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Келелі кездесуге М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақыт Мырзабеков, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, сатирик - Бақытжан Советұлы, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының белгілі сахна шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сейілхан Асқарбек мырзалар арнайы қонақ ретінде қатысты.
Әдебиет сүйер қауым іс-аша барысында танымал сатириктің «Қалай болса солай» атты кітабының барайль қаріпіндегі нұсқасының тұсауын кесті.
Рухани кеш барысында халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгердің өсиеті мол өмір жолы туралы тың деректер айтылып, кеш кейіпкері мен қонақтары екеуара сүбелі сұхбат жүргізді. Сергіту сәтінде жастар монолог оқып, жазушының сөзіне жазылған «О, Вальс!» әніне «Асыл арман» өнер студиясының талантты бишілері би композияциясын орындады.
Сонымен қатар сатира жанры, қазақ сатирасында дәстүр жалғастығы жайында сөз етіп, қонақкәдеге Толымбек Әлімбекұлы өзінің әзіл-ысқақ жолдарын көрерменге тарту етті және де жуырда жазушының 70 жылдығына орай шығарылған «Шымылдықтың ар жағы....», «Абыр-сабыр» атты қос жинағын «Әзіл аялдамасында Толымбек» тақырыбында өткен бенефис кешінде арнайы Алматы қаласынан жолдап, кітап қорын жаңа кітаптарымен толықтырды. Бұл кітаптарда сатириктің сатиралық шығармалары, сын-фелетондар мен драматургия саласындағы еңбектері топтастырылған. Алдағы уақытта оқырмандар арнайы кітапхананың абономенттік бөлімінен алып оқуына мүмкіндігі бар.