Қоғам

Әрбір азамат мемлекеттің қамқорлығын сезінуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы және жаңа Жолдауларында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын.

Президент тапсырмасынан кейін елімізде түрлі бағдарламалар мен жобалар қолға алынды. Соның арқасында жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шараларымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да мемлекет қамқорлығын сезініп отыр.

Облысы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, бүгінгі күні аймақта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында тиісті жұмыстар атқарылуда. «Бүгінде облыста жұмыспен қамтылған халық саны 544,5 мың адамды құрайды. Оның 362,6-сын жалдамалы жұмысшылар құраса, 181,9-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Жұмыссыздар саны 27,2 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыз болып қалыптасып отыр. Өткен жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54156 адамды тарту жоспарланса, барлығы 66202 адам (122,2%) жұмысқа орналастырылды. Ал былтыр «Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 67968 ​​жұмыс орны жоспарланса, жоспар 120 пайызға орындалып, барлығы 81697 жұмыс орны құрылды. Ал биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 67 357 жұмыс орнына жоспар бекітілген, оның 50199-ы тұрақты. Есепті кезеңде барлығы 38961 жұмыс орны құрылып, 23527 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жоспар 60,4 пайызға орындалды», дейді басқарма басшысы.

Жалпы биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына барлығы 60672 адамды тарту жоспарланған. 1 тамыздағы мәлімет бойынша 39371 адам жұмысқа тартылып, жоспар 64,9 пайызды құраған.