Мәдениет

Астанадан арнайы жүлдемен оралды

Елорда төріндегі Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің концерт залында Оқу-ағарту министрлігі және айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы бірлесіп, «El Umiti» корпоративтік қорының демеушілігімен мектеп оқушылары арасында елімізде тұңғыш рет «Егемендігім – елдігім!» тақырыбында республикалық «Қола домбыра» айтысы өтті.

Жоба жетекшісі, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, шараның мақсаты – егемен еліміз жеткен жетістіктерді насихаттау, мектеп қабырғасындағы жас ақындардың ішкі мүмкіндігін ашып, талабына қанат бітіру, жасөспірімдер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау.

Алғаш рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға республикамыздың әр өңірінен 22 ақын бақ сынасты. Ұлтымыздың бірегей өнерін қолдау үшін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов арнайы келіп, жас өрендердің өнеріне сәттілік тіледі.

Орақ тілді жас жүйріктердің сайысына Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов (төраға), «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақындар Иран-Ғайып Күзембаев пен Өміржан Көпбосын, «Еl Umiti» қорының Медиа бастамаларды жүзеге асыру орталығының басшысы Азамат Оңайбаев төрелік жасап, шын жүйріктердің өнеріне әділ бағасын берді.

Осы айтыста облысымыздың намысын қорғаған Тараз қаласы, №3 мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Інжу Жаңабай атыраулық Марсель Ерсаиновқа қарсылас болды. Екеуінің арасындағы айтыс жарасымды шыққанын барша көпшіліктің ықылас-қошеметінен байқадық. Дегенмен, Інжуге берілген 49 ұпай финалға өтуіне жеткіліксіз болды.

Ол туралы:

Қазылар алқасының шешімімен іріктелген 8 ақын келесі кезеңге өтті. Олардың арасынан ақтық сынға шымкенттік 5-сынып оқушысы Исламәли Біржанұлы мен маңғыстаулық 11-сынып оқушысы Бейбіт Байжігіт суырылып шықты. Екеуі жас ерекшеліктеріне қарамай түрлі әлеуметтік тақырыптарды әзілмен астарлай отырып жиналған жұртты дүр сілкіндірді. Айтыстың бас жүлдесі және арнайы жасалған бағалы домбыра шымкенттік 6-сынып оқушысы Исламәли Біржанұлына бұйырса, жүлделі бірінші орын маңғыстаулық Бейбіт Байжігітке берілді. Ал, тараздық Інжу Жаңабай ерекше өнерімен көзге түскені үшін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың қолынан белгілі айтыскер Қаныша Райысова атындағы арнайы жүлдені иеленді.

Барлық қатысушы ақындарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлық беріліп, ақындардың тәлімгер-ұстаздарына Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты табысталды. Олардың арасында Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің мұғалімі Гүлжазира Мәкенова да бар.

Жас айтыскерлерді марапаттау салтанатында сөз алған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушылары арасында өтетін бұл айтыстың ауқымын алдағы жылы кеңейте түсетінін айтса, аталған университет ректоры Ерлан Сыдықов республикалық «Қола домбыра» оқушылар айтысының жыл сайынғы жеңімпазына ЕҰУ-дан білім гранты берілетінін жеткізді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ