Жаңалықтар

Жастық жігерін жауынгерлікке арнаған

Әскери салаға өмірін арнаған азаматтың бірі – жуалылық Фархат Шымырбаев. Жерлесіміз бұл күнде аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімінің оқ атумен қолдау ротасының мергендерге қарсы взводының командирі. Ал, оның әскери атағы – 3-сыныпты сержант.

Түктібай ауылында туып-өскен жігіт бала кезінен спортқа әуес болған. Кейіпкеріміз 2010 жылы Астана қаласындағы колледжді «Заңгер» мамандығымен сәтті тәмамдайды. Осылайша, еңбек жолын елордадағы «Ақсұңқар» серіктестігінің пластик цехында бастайды. Дәл осында жұмыс істеп жүріп әскер қатарына шақыртылып, Отан алдындағы азаматтық борышын бас қаладағы 6636 әскери бөлімінде өтейді. Кейінірек М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің сырттай бөліміне оқуға түседі.

Атап өту керек, жас жігіт 2013 жылы Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы 91678 әскери бөліміне келісімшарт негізінде әскери қызметке шақырылып, арнайы мақсаттағы барлау ротасының 3-ші тобының аға маманы (аға барлаушы) лауазымына орналасады. Онда ол тау-атқыштар ротасының 3-ші тау-атқыштар взводының, 2-ші тау-атқыштар бөлімшесінің командирі, тау-атқыштар ротасының 1-ші тау-атқыштар взводының сержанты, оқ атумен қолдау ротасының мергендерге қарсы взводының командирі болады.

Жалпы, қиындығы мол қызмет барысында өзін үлгілі маман ретінде көрсете білген сержант Шымырбаев түрлі жарыстарға да белсенді қатысуға уақыт табатынын жеткізді. Ол «Әскери қызметші өз саласының нағыз шебері болу үшін ұдайы ізденісте болуы қажет» деген пікірде.

Есен ӨТЕУЛІ