Антқа адалдық - асыл міндет
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының «КҮЗ-2024» шақырылым сарбаздары және шекара бөлімшелері мен шекаралық өткізу пункттеріндегі әскери қызметшілеріне, олардың отбасыларына патриоттық тұрғыда сабақтар мен тәрбиелік сұхбаттар өткізу мақсатында «ҚР Заң талаптарын орындау», «Әскери жарғыдан тыс қарым-қатынастардың алдын алу», «Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу», «Жат діни ағымдардан сақтану» және «Әскери ұжымда жауынгерлік достықты нығайту» тақырыптарында жиын өтті.
Оған Ауған соғысының ардагері Дүкенбай Ермеков, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының төрағасы Қошқарбай Жұмабаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полиция бөлімінің жедел уәкілі Бақберген Орынбасар мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің әйелдер кеңесі мүшелері Калдина Омарқұлова және Айнұр Жапбарова қатысты. Кездесу барысында спикерлер дәл осындай мазмұндағы кездесулер арқылы әскери қызметкерлердің бойындағы патриотизм сезімін арттыруға болатынын атап өтті. Олар шекара қызметінің тәжірибесі сарбаздарға ерлік пен табандылық сыйлайтынын айтты.
Бұдан кейін, арнайы шақырылған қонақтар әскерилерге шекарашы болудың артықшылықтарын, оның ел алдындағы жауапкершілігі мен абыройлы міндет екеніне тоқталды. Спикерлер жалпы аумағы 14 мың шақырымға созылған шекараны белгілеп алу ұзақ мерзімге созылған келіссөздердің нәтижесінде мүмкін болғанын баса айтты. Өз кезегінде шекара шебіндегі сарбаздар еліміздің бейбіт өмірін күзетуде барын салатындықтарын жеткізді.
Есен ӨТЕУЛІ