Ерлігі ерге аманат,елге мұра
Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін аянбай айқасса да, аты аталмай, ерлігі мойындалмаған батырлар көп болды. Солардың бірі – қанды қырғын майданда фашистерге тойтарыс берген, сұм соғыстың нүктесін қойған, Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы Рақымжан Қошқарбаев еді. Әйтсе де, Берлин шабуылының қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен Ұлы Отан соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі 62 жылдан соң ғана мойындалды.
Бір кездері батыр Бауыржан Момышұлының мұрындық болуымен, кейінірек белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың араласуымен ерлігі ескерусіз қалған батырға 1999 жылы Халық қаһарманы атағы беріледі. Бұл – туған елі үшін төнген қауіпке қарамай, зулаған оқты елемей, басын бәйгеге тіккен тұлғаға берілген лайықты баға еді. Демек, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Жақында ғана өңіріміздегі «Бесағаш» шекара бөлімшесінде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған айтулы шара соның айғағы. Жиынға Ауған соғысының ардагері Шухрат Абдувахапов, Amanat партиясының мүшесі, «Жастар рухы» облыстық филиалының төрағасы Ерғали Абуғали және «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының төрағасы Қошқарбай Жұмабаев қатысты. Ал, жиынның негізгі мақсаты – жастардың бойында патриоттық рухты оятып, оларға әскери қызметтің маңыздылығын насихаттау.
Басқосу барысында Ауған соғысының ардагері Шухрат Абдувахапов өзінің әскери қызметтегі өмір жолы мен шекарадағы жауапты қызметтің қыр-сырын айтып, қиын-қыстау кезеңдердегі жауынгер достарының ерлігін еске түсірді. Ол жас сарбаздарға әрдайым сергек болу, Отанға адал қызмет ету сияқты құндылықтарды ұстанудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ал, «Жастар рухы» облыстық филиалының төрағасы Ерғали Абуғали жастар арасында патриоттық рухты нығайтуға бағытталған жұмыстарын баяндап, ел болашағының қорғаны саналатын шекарашыларға ардақты батырлардың ерлігі мен өнегесін үлгі етті.
Сондай-ақ, кездесуде шекара қызметкерлері спикерлерге сұрақ қойып, пікір алмасты. Еркін форматта өткен жиын соңында ардагерлер мен қоғам белсенділері жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру үшін нақты ұсыныстарын жеткізді. Олар сарбаздарды әскери дайындықты үнемі жетілдіруге және моральдық-рухани құндылықтарды ұстануға шақырды. Сонымен қатар, әскери қызметтің артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы сөз қозғап, Рақымжандай батырдың ерлігін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті.
Есен ӨТЕУЛІ