Еріктілер ел ертеңі үшін еңбек етеді
Қайырымдылық – халқымыздың қанына біткен қасиет. Ұлтымызда сонау заманнан жылу беріп, шүлен тарату секілді ұлық дәстүрлер бар. Бүгінде бұл үрдіс еріктілер қозғалысына жалғасқан. Ел Президенті 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп атағаннан бері елімізде волонтерліктің маңызы арта түсті. Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді.
Бүгінде әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда. Ал, өңірімізде осы күні 12 мыңнан астам ерікті тіркелген. Азаматтық қоғам құндылықтарын арттырып, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен облыс әкімінің тапсырмасын жүзеге асыру бойынша өңірлерде де осы мақсатта бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.
Мәселен, Жамбыл ауданында жыл басынан бері «Таза Әлем», «Қамқор», «Білім», «ТЖ: Үміт», «Саулық», «Мәдени», «Аяла», «Асыл мұра», өзге де әлеуметтік волонтерлік бағыттар бойынша 480 іс-шара өткізіліп, оған 7661 волонтер жас қатысты. Бүгінде аудан жастарынан құралған еріктілер ел ішіндегі елеулі оқиғалардың ортасынан табылып, әлеуметтік мәселелерді шешуде де маңызды рөл атқарып келеді.
Атап айтсақ, еріктілердің қатысуымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күнінде 14 қарт кісінің ауласына тазалық жұмыстары жүргізіліп, ардагер қариялар мен жалғызілікті қарттарға 17 ауылдық округте әлеуметтік азық-түлік сый қалталары табысталды. Сондай-ақ, Қарасу ауылдық округінің тұрғыны Айман Айтымова есімді азамат қоғамдық қабылдау барысында 27 жылдан бері еліміздің азаматтығын алмауына байланысты өтініш білдірген болатын. Өтінішке сәйкес, ерікті жастардың демеушілігімен 600 мың теңге көлемінде қаражат жиналып, құжаттары рәсімделіп, ҚР азаматшасы ретінде жеке куәлігі алынып, өтініші қанағаттандырылды. Ал, Қаракемер ауылындағы 2 жастың көзіне ота жасатуға ерікті жастардың көмегімен 400 мың теңге демеушілік жасалды.
Қоғамдық қабылдауға келген әр жастың өтініші ескерусіз қалмайтыны анық. Осы тұрғыда, ақпан айында Шайқорық ауылының тұрғыны қызының жеке куәлігін алу туралы өтініш білдірген болатын. Аталған азаматшаның өтініші қазіргі уақытта қанағаттандырылып, Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері мен ауданның ерікті жастары тарапынан жұмыстар жүргізіліп, жеке куәлігі табысталды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде ауданның ерікті жастары апта сайын тал көшеттерін отырғызып, сырлау, талдарды әктеу, көгалдандыру жұмыстарында белсенділік танытып, еліміздің көркейуіне өз үлестерін қосып жатыр. Сондай-ақ, ерікті жастардың көмегімен «Жанашыр жан» қоғамдық қорының директоры, аудандағы көпбалалы шаңырақтың иесі Марат Оспанов балаларымен бірге абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жеміс талдарын отырғызды. Сонымен қатар, ерікті жастар мен пробация есебінде тұрған азаматтар бірлесіп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Аса ауылында адам көп шоғырланатын жерлерге эко қоқыс жәшігін орналастырып, жәшіктің сырлау жұмыстарын ауданымыздың ерікті жастары жүргізді.
Ал, «Жамбыл облысының 85 жылдығына орай 85 игі іс» марафоны аясында ауданның мемлекеттік қызметшілерден құралған «Руханият» волонтерлік тобы мен аудан жастары «Асарлатып үй салу» дәстүрін жаңғыртып, Айша бибі ауылында тұратын көпбалалы ананың үйінің шатырын жауып, ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарына үлес қосты. Игі істе атымтай жомарт жандар құрылысқа қажетті заттармен қамтамасыз етсе, еріктілер, аудан жастары, ауылдық округтің мемлекеттік қызметшілерден құралған «Руханият» волонтерлік тобының мүшелері үйдің басы-қасында күні бойы жүріп, шегесін қағып, шатырын жабуға үлес қосты. Сонымен бірге аталған марафон аясында «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен ерікті жастардың бірлесе ұйымдастыруымен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 20 әлеуметтік пакет таратылды.
Биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде болған су тасқыны халқымыз үшін сын-қатерге толы сәттердің бірі болды. Ерлік пен елдіктің сынға түсер сәтінде ел еріктілері де аянып қалмай, қысылғанға қол ұшын соза білді. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке жамбылдықтар да ат салысты. Осы бойынша Жамбыл ауданының тұрғындары мен ерікті жастары тарапынан гуманитарлық көмек ретінде қажетті заттар жиналып, облыс орталығына жеткізілді. Сонымен бірге Жасөркен ауылында болған табиғи келеңсіздіктен зардап шеккендерге «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен ерікті жастар көмектесті. Сарысу ауданында орын алған төтенше жағдайда да қайырымды істен аудан жастары қалыс қалмады. Қысылтаяң шақта Жамбыл ауданынан 25 ерікті жас көмек қолын созды.
Ел тағдырын айқындайтын жалпыхалықтық референдум қарсаңында да жастар қауымы белсенділік танытып, ақпараттандыру жұмыстарының бел ортасынан табылды. Бұдан өзге аудандағы түрлі волонтерлік іс-шараларға да еріктілер тұрақты түрде араласып, азаматтық қоғам құндылықтарын арттыру бағытында жұмыс істеп келеді. Бұл бағытта үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен өзара тығыз қарым-қатынас орнатылып, осы бағытта іс-шараларды тұрақты жүргізу маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.
Жандар ТОҚСАБА,
аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы
Жамбыл ауданы