«Jambyl qyzmet cup kuz – 2024» турнирі өтті
Бұқаралық спортты дамыту аса маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауларында кеңінен қамтып, назар аударып келеді. Баршаға ісімен үлгі болып жүрген мемлекеттік қызметшілердің спортты серік етуі қолдауға лайық қадам. Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының спорт кешенінде «Мемлекеттік қызмет – игі жақсылардың айнасы!» ұранымен мемлекеттік қызметшілер арасында кіші футболдан «JAMBYL QYZMET CUP KUZ – 2024» облыстық турнирі осындай ізгі мақсатта жүзеге асты.
Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз сөйледі.
«Қадірлі әріптестер! Сіздер күн сайын көтеріп жүрген жауапкершілік жүгі ауыр. Тұрғындардың талап-тілегін орындауда қойылып отырған талап та жоғары. Соған қарамастан спортты да өрге бастырып, өзгеге үлгі болып жүрсіздер. Турнирге сәттілік тілеймін!», – деді Серік Жақсылықұлы.
Мұнан соң өзара тартысқа түскен мемлекеттік қызметшілер тамаша ойын өрнегін көрсетті. 17 құрама өзара кім мықтыны анықтады. Тартысқа толы турнирде Жамбыл ауданы жеңімпаз атанды. Күміс медаль жамбылдықтарға ғана есе жіберген облыстық аумақтық инспекция құрамасына бұйырды. Қола жүлдені Мойынқұм ауданы иеленді. Олар үшінші орын үшін тартысты ойында сарысулықтардан басым түсті.
Сондай-ақ , Асан Алмат «Үздік сұрмерген» (Мойынқұм ауданы), Еркебұлан Базарбаев «Үздік ойыншы» (Сарысу ауданы), Дулат Мейірбеков «Үздік қорғаушы» (мемлекеттік кірістер департаменті), Төлебек Құлекеев «Үздік қақпашы» (ауыл шаруашылығы басқармасы), Сәкен Сыздықов «35 жастан асқан үздік ойыншы» (Байзақ ауданы) атанса, сонымен қатар, Нұрболат Сатымқұл «Үздік топ жетекшісі» деп танылды.
Турнирді облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қорытындылап, жеңімпаз және жүлдегерлерді диплом, медальдармен марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ