Жаңалықтар

Әлем әлеуметтік желіден бас тартып келеді

Жуырда әлеуметтік желіде Парламент Сенаты депутаттарының контентті шектеу немесе TikTok әлеуметтік желісіне толық тыйым салу туралы ұсынысы қызу талқыланған болатын. Бұған сенаторлардың ел Премьер-Министрінің атына өтініш жазуы себеп болған.

«Қосымшаға мемлекеттік реттеу жүргізу керек» деген бастамаға кейбір теріс бағыттағы контенттердің балалардың психикалық денсаулығына теріс әсері, жеке деректердің киберқауіпсіздігі мен құпиялылығы, жалған ақпарат пен қауіпті онлайн-челлендждердің таралуы себеп болған. Айта кету керек, бұл депутаттардың билікті қытайлық желіні мемлекеттік бақылауға шақырудағы алғашқы әрекеті емес.

Ақпан айында халық қалаулылары осы өтінішпен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға жүгінді. Содан кейін Үкімет басшысының орынбасары биліктің TikTok өкілдерімен байланыста екенін, ұлттық ерекшеліктер мен қажеттіліктерді ескере отырып, Қазақстанда әлеуметтік желіні бейімдеу бойынша кеңес өткізіп жатқанын хабарлаған еді. DataReport – 2024 деректеріне сәйке с, Қазақст анда TikTok әлеуметтік желісінің қолданылу көрсеткіші өте жоғары.

2024 жылғы қаңтарда бұл қосымшаны Қазақстанның ересек интернетпайдаланушыларының 77,5 пайызы немесе 14,1 миллионнан астам адам пайдаланатыны белгілі болды. Пайдаланушылардың гендерлік көрсеткіші біркелкі, әйелдер 51,1 пайыз, ал еркектер 48,9 пайыз. Бір жыл ішінде Қазақстанда TikTok роликтерінің көрермендер саны 35,4 пайызға өскен. Яғни, әлеуметтік желі аудиториясы 3,7 миллион адамға артып отыр. Есеп жүргізген мамандар еліміздегі 14,1 миллион пайдаланушының кей бөлігі әлі кәмелетке толмаған жасөспірімдер болуы мүмкін екенін атап өтті.

Бұл ақпаратты Қазақстандағы TikTok өкілдігінің баспасөз қызметінің мамандары да жанама түрде растайды. NUR. kz порталына берген сұхбатында компанияның PR-мамандары 2023 жылы желі әкімшілері еліміздегі 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі 1,2 миллионнан астам аккаунтты, ал 2024 жылдың сегіз айында тағы 1,8 миллион аккаунтты мәжбүрлі түрде жойғанын хабарлады. Басқа әлеуметтік желілермен салыстырғанда Қазақстандағы TikTok аудиториясы өте үлкен. Ел аумағында таралуы бойынша екінші орынды 12,1 миллион қазақстандық пайдаланатын Meta, Instagram компаниясының өнімі алады.

Бір жыл ішінде, 2023 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың қаңтарына дейін Қазақстанда платформаны пайдаланушылар саны 16 пайызға артты. Басқа желілердің пайдаланушылары салыстырмалы түрде азырақ. ВКонтакте аудиториясын 3,4 миллион қолданушыны, Facebook – 2,6 миллион адамды, Одноклассники 1,5 миллион пайдаланушы құрайды. Ресейлік қосымшалардың танымалдығы жыл сайын төмендеп келеді.

«Жастар» ғылыми зерттеу орталығының зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 2024 жылы TikTok жас қазақстандықтар арасында ең танымал әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің үштігіне кірді. Оны жастардың 63,9 пайызы пайдаланады. Өткен жылы пайдаланушылардың осы қолданбаға деген міндеттеме деңгейі де жоғары болды. Биліктің сенаторлардың TikTok қолданбасына тыйым салу және шектеу туралы ұсынысына берген жауабына сүйенсек, шектеу немесе тыйым салу туралы ұсыныс әлі де дұрыс қаралмаған.

Қазір желіні бұғаттауға немесе кейбір контент түріне тыйым салуға заңды негіз жоқ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, егер платформада дербес деректер таралса, билік немесе пайдаланушылар Мәдениет және ақпарат министрлігіне шағымдана алады.

Аталған министрлік өз кезегінде әлеуметтік желі өкіліне жүгініп, заң бұзушылық туралы хабарлауы тиіс. Егер желі әкімшілері нұсқаманы орындамаса және бейнероликті жоймаса, онда тыйым салудың төтенше шараларын қабылдау турасында мәселе туындайды. Әзірге, Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, қазақстандықтардан бұл мәселе бойынша бірде-бір шағым түскен жоқ. 2024 жылы Қазақстан Республикасында дербес деректердің тарап кетуінің негізгі арналары микроқаржы ұйымдары, екінші деңгейдегі банктер және байланыс операторлары болды. TikTok қазір тек танымалдылық әкелетін, уақыт өткізетін желі ғана емес. Көптеген қазақстандықтардың табыс табу құралына айналып отыр. Тіпті, ел ішінде ай сайын жалақы алатын жұмысынан бас тартып, тәулік бойы тікелей эфирде отырып табыс табатын қолданушылар көбейген.

TikTok-тың ерекшелігі сол, онда танымалдылық та тез артады, жазылым жинау да жеңіл. Желі алгоритмі бойынша бір ғана трендке сай видео түсірсеңіз, бір тәулікте мыңдаған қаралым жинап аласыз. Жазылым көбейген сайын стримге шығу мүмкіндігі көбейе береді. Ал стрим – желі арқылы қаржы табудың төте жолы. Алайда, оңай ақша орға жығатынын да ескерген жөн. Желінің бүгінгі аяқалысына қарап келешекте жабылу ықтималдылығы жоғары екенін болжау қиын емес. Себебі, TikTok салдарынан клиптік сана тым жедел дамып, бүлдіршіндердің тілі кеш шығып жатқаны да жасырын емес. Жалпы, қандай жаңа дүниенің де әрі жақсы, әрі қауіпті тұстары болатынын ескерген жөн. Осы желіде бірнеше жылдан бері табыс тауып отырған, есімін жасырын ұстауды өтінген қолданушымен тілдестік. Ол қыз баланың айтуынша, тікелей эфирде отырып күніне кем дегенде 30-40 мың теңге табатын көрінеді.

Табыс табуға оңтайлы болғанына қарамастан соңғы бірнеше жылда жекелеген дамыған елдер де әлеуметтік желілер мен шетелдік интернетплатформаларды шектеу мәселесін көтерді. Мысалы, Канада үкіметі өткен жылы мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік құрылғыларында TikTok пайдалануды шектеу туралы шешім қабылдады. Билік қабылдаған бұл шешім әлеуметтік желілер арқылы бейпіл сөздердің, зорлық-зомбылыққа үндеулердің таралуына жол бермеу. Канада үкіметінің киберқауіпсіздік мамандары TikTok желісінің әкімшілері қолданатын деректерді жинау әдістері пайдаланушыларды кибершабуылдардың алдында әлсіретуі мүмкін деп есептеді. Өткен жылдың жазында Facebook пен Instagram-да жаңалықтар тарату тоқтатылды деп хабарлайды SVS телеарнасы. Көптеген басқа батыс елдерінде TikTok қосымшасының жұмысы шектеулі немесе мүлдем тыйым салынған. Мұндай шешімді Аустралия, Үндістан, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Дания, Бельгия, Норвегия сияқты елдер қабылдаған. АҚШ-та бұл қытайлық әлеуметтік желіге мүлде тыйым салынған.

Деректердің қауіпсіздігіне қатысты талаптардан басқа, билік жасөспірімдердің психикалық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін кейбір қолайсыз контентке байланысты алаңдаушылық білдірді. Алыпқосатын нәрсе, келесі жылдан бастап Америкадағы штаттардың кейбірінің психикалық дамуға кесірі тиетіндіктен 14 жасқа толмаған балаларға барлық әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу ниеті бар. Айтпақшы, Қытайда батыс елдерінің барлық әлеуметтік желілеріне толық тыйым салынған. Ресейде цифрлық қосымшаларға тыйым салу мен шектеулер саяси реңкке боялған. Instagram және Facebook желілерінің қызметі 2022 жылдың 14 наурызынан бастап бұғатталды.

Елдің Бас прокуратурасы америкалық Meta холдингін экстремистік ұйым деп тануды талап етті. Өйткені, бұл платформа арқылы ресейліктерді өлтіруге, азаматтардың жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуына үндеулер тарап кетті. Ресейдің TikTok желісімен де қарым-қатынасы нашар.

2022 жылдың наурызында компания фейк ақпараттардың таралуына байланысты Ресейде жаңа контент жариялауды тоқтататынын жариялады. 2024 жылы YouTube хостингіндегі видероликтерді көру жылдамдығы техникалық себептерге байланысты ресми түрде шектелді.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ