Әдебиет

Бейнелеу өнерінің жауһарлары

Қарапайым картинаның өзінде шексіз құдірет бар. Жай қарап отырған адам кейде көзін алғысы келмей қалады. Мұндай сәттерді жан дүниеге тыныштық іздеу сәті дейді. Әр кескіндеме өзінше бір әлем. Сол әлемнен жақсыны немесе жаманды көру өзіңе байланысты. Десек те, бір көргеннен жақсы энергия сыйлап, ой тұңғиығына еріксіз батырып жіберетін суреттердің тұрпаты тым бөлек келеді.

«Су лилиясы» картинасы Клод Моненің табиғат сұлулығын қанық бояулармен бейнелеген үздік туындысы. Шаршаған адамды демде тыныштандыратын жылы лебі бар. Су бетіндегі лалагүлдерге қарап – суретшінің бағбандықпен айналысып, гүлдерге қызығатынын байқаймыз.

Тыныштық пен әсемдіктің үйлесімдігінен туған картина – «Жұлдызды түн». Авторы – Винсент Ван Гог. Жарық пен қанық көк түстерді пайдалана отырып, көрерменді сан алуан эмоцияларға жетелейді. Сонымен қатар, суреттің шетінде тұрған ағаш пен үй ауыл өмірін еске салады. Ал түнді таңдауының бірден-бір себебі – ішкі күрес туралы айтуды мақсат еткен. Ғалымдардың айтуынша, бұл уақытта Ван Гог ауруханада жатқан екен.

«Табиғат Саяхатшысы» кескіндемесінің авторы – Каспар Дэвид Фридрих. Адам жаны қоғамнан алыс кетіп, ішкі дауыстың үніне құлақ салғысы келген кездерді тамаша суреттеген. Биік құздың басына жалғыз шығып, төменге қарауында философия жатыр. Идеясы – үнсіздік. Бес минут көз алмай тұрсаңыз, бүкіл қиындықты артқа тастап, арманыңызға жеткендей сезімде боласыз.

Джорджия О’Кифф өзінің табиғатқа деген ыстық ықыласы мен махаббатын «Ақ гүлдер» картинасымен көрсетті. Ақ гүлдер құштарлықты білдірсе, олардың жақын орналасуы көрерменге нәзіктікті сезінуге мүмкіндік береді. Суретшінің шығармашылығында ұсақ детальдар оның сол кезеңде гүлдерді зерттеп жүргенінен хабар береді.

Мона Лизаның екінші сыңары аталып кеткен «Інжу сырғалы қыз» туындысы шынайылығымен көпке танымал. Ғалымдар портреттегі қыздың кім екенін әлі күнге дейін таба алмай келеді. Басқалардан ерекшелігі қыздың сырт келбетінде.

Мәселен, басындағы орамалы, құлағындағы сырғасы, көзқарасы ешкімге ұқсамайды. Білетініміз біреу ғана, ол – ғажайып әрі жағымды әсер қалдырады.

 

Әсем АСЫЛБЕК

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 3-курс студенті.