Діни бірлестіктермен байланыс бойынша кеңес отырысы өтті
Толеранттылық саясатты тиімді жүзеге асырып, діни экстремизм мен радикалистік қозғалыстардың алдын алу тәуелсіз Қазақстанның маңызды міндеттерінің бірі саналады. Бұл бағытта елімізде діни бірлестіктермен өзара ынтымақтастық қатынас аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Осы орайда Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Кеңестің күн тәртібіне сәйкес «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің басшысы Шарапат Сүйімқұл «Жастар арасында радикалды діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру, діни сауаттылық денгейін арттыру, дәстүрлі діни-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізу» тақырыбындағы әлеуметтік маңызды жобаны іске асыру барысы туралы баян етті.
Келесі кезекте қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абзал Есіркепов қала жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстардың ұйымдастырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Бұдан бөлек, басқосуда қала әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк атқарылған жұмыстарға тоқталып, өзге де қатысушылар тақырып төңірегінде өз ойларын ортаға салды. Кеңесті қорытындылаған Қайрат Әбілханұлы діни бірлестіктермен байланысты күшейтіп, жастардың жат ағымға еруіне тосқауыл қою бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін жеткізді.
Жиын соңында бірауыздан қаланың барлық аумақтарында, әсіресе қысқы және жазғы демалыс кезінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған мазмұны жаңартылған кешенді іс-шараларды ұйымдастыру, аталған іс-шараларға қатыстырылатын жастардың 30 пайызы белсенді емес жастардан құрылуы жайында кеңес ұйғарымы қабылданды.
Нұрболат АМАНБЕК