Әлеумет

Ауылдастар бірігіп үй салып берді

Елдің бірлігін бекемдейтін ежелден келе жатқан халқымыздың «Асар» дәстүрінің Жамбыл жерінде жалғасын тапқанына да бірнеше жыл болды. Осы салтпен Т.Рысқұлов ауданының Әбжапар ауылының тұрғындары әкімдікпен бірлесіп, баспанаға мұқтаж отбасыға үй тұрғызып, иесіне табыстады.

Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Есеевтің айтуынша, Әбжапардағы бұл баспана соңғы екі жылдағы аудан аумағында табысталған 15-ші үй.

Қуанышқа ортақтаса келген ауыл ардагерлері бірлікшіл ауыл жастарының оң ісіне ризашылықтарын білдіріп, бата берді. Баспананы салуға атсалысқандардың басым бөлігі жаңа қоңыс иесінің достары. Құрдастарының жаңа қонысына қуанған олар да тілектерін жаудырды.

«Қуанышты бөліссең – көбейеді» деген нақылды негізге алып, біз де ізгі істі дүйім жұртқа хабарлап, игіліктер үздіксіз жалғасуын тілейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы