Экономика

«Даму» қорынан қолдау тапқан жобалар жетерлік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті мейлінше дамытуға басымдық беріп келеді. Президент Жолдауда «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл негізгі талап», деп айқындай түскен.

Аймақта кәсіпкерлердің қаржылық мәселесін шешіп, екінші деңгейлі банктерден несие алуына облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы он жылдан аса қолдау көрсетіп, жұмыс істеп келеді. Қордың мақсаты – Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту. Қордың миссиясы қолдау көрсетудің кешенді және тиімді құралдарын іске асыру арқылы Қазақстанда микро, шағын және орта кәсіпкерліктің тұрақты дамуындағы белсенді рөл болып табылады.

Аталған қордың кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі негізгі құралдары – екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, банктер алдында кепілдіктер беру, лизингтік мәмілелерді, микрокредиттік ұйымдарды және басқа да қаржы институттарын жеңілдікпен қаржыландыру.

Ұйымның Қазақстанның барлық облысында және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік филиалдары жұмыс істеуде. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры облыстағы кәсіпорындарға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түрінде қолдау көрсетуде. Қордың облыстық филиалының басшысы Бақытжан Исаковтың айтуынша, осы жылдың басынан бері «Даму» қоры облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің 1397 жобасына жалпы сомасы 40,2 миллиард теңгеге қолдау көрсетті. Оның ішінде 25,2 миллиард теңге несие сомасына субсидиялау бағытында 713 жобаға қолдау көрсетілген. Кепілдік беру саласында 11,8 миллиард теңге несиеге 554 кепілдік берілсе, 3,2 миллиард теңгені құрайтын 130 жоба жеңілдікті несие алған.

Ал, осы жылдың қыркүйек айынан бастап облыста филиал директорының айтуынша, «Жамбыл-Бизнес 2024» жаңа өңірлік бағдарламасы іске қосылған. Ол бағдарламаның шарты бойынша несиені облыста тіркелген кәсіпкерлер ала алады. Бұл ретте несиенің максималды сомасы 200 миллион теңге, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 пайыз, мерзімі 7 жылға дейін.

Бизнесті мемлекеттік қолдау Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік секторды дамытудың маңызды шарты болып табылады. Бүгінгі таңда «Даму» қоры үш негізгі қолдау құралын ұсынады. Бұл – жеңілдікті кредиттеу, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы кәсіпкерлікті қолдау шараларының негізгі операторы және интеграторы болып табылады. Қордан қаржылықты қолдауды алған кәсіпкердің бірі – «Қабықбаева А.С» жеке кәсіпкерлігі. Бұл кәсіпкер Тараз қаласынан «Bursa» қонақүйін ашқан.

Жалпы «Даму» қорымен 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Төрт жұлдызды қонақүйдің иесі, жеке кәсіпкер Лола Исматуллаеваның айтуынша, бұған дейін жұмыс істеген қонақүйін жауып, ескі «ВЕТА» банктің ғимаратын сатып алып, оны қонақүйге ыңғайлап қайта жабдықтаған. Ол үшін кәсіпкер «Даму» қорының облыстық филиалының көмегіне, қолдауына жүгінген.

Осылайша «Даму» қорының өңірдегі филиалы аймақ кәсіпкерлерінің төмен пайызбен несие рәсімдеп, кәсібін дөңгелетуіне бұдан кейін де үлес қоса бермек. Тараз қаласы Кәсіпкерлікке – кең өріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнесті мейлінше дамытуға басымдық беріп келеді.

Президент Жолдауда «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл негізгі талап», деп айқындай түскен.

 

Тараз қаласы

Марат ҚҰЛИБАЕВ.