Экономика

Қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі

Әулиеатаның оңтүстік-батысында орналасқан Жамбыл ауданы бүгінде өндірісі өркендеген өңірлердің қатарында. Бүгінгі күні аудандағы 42 елді мекенде 88196 адам тұрады. Ауданда 3660 агроқұрылым жұмыс істесе, оның 4-уі өндірістік кооператив, 35-і ауылшаруашылық кооперативі, ал 3621-і шаруа қожалықтар. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 21,4 миллиард теңгеге жетіп отыр.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биыл 53562 гектарға орналастырылған егіс алқаптарынан 5676 тонна бидай, 21244 тонна арпа, 676 тонна майлы дақылдар, 100 тонна қант қызылшасы, 4053 тонна картоп, 18290 тонна көкөніс, 9022 тонна бақша, 168552 тонна мал азығы жиналған. Бидайдың әрбір гектарынан түскен орташа өнім 13,3, арпа 16,5 центнерге жеткен.

Ауданда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылым 177020, елді мекен жайылымы 33321, орман қоры жайылымы 64564, ауылдық округтерге қоғамдық жайылым ретінде берілген көлем 18761 гектарды құрайды. Биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1639,97 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Ауданда 15 өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 1-і орта, 14-і шағын кәсіпкерлік. Өнеркәсіп саласында 30,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.

Атап айтсақ, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 6 миллиард 387 миллион теңгеге 44,31 мың тонна мұнай, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС 936 миллион теңгеге 369 мың тонна гипс өнімдерін өндірсе, «Суперфарм» ЖШС 1 миллиард 685 миллион теңгеге 34,6 миллион матадан жасалатын медициналық бұйымдар шығарған. Өңірде инвестицияның да игілігі сезілуде.

Мәселен, биыл жалпы құны 24 миллиард теңгеге жуық ірі 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде жыл соңына дейін 167 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал, 2025 жылға 7 ірі инвестициялық жоба жоспарланып, оның есебінен 250 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Тіршілік нәрі де ауданда оң шешімін тауып келеді. Бүгінгі күні 42 елді мекеннің 38-і орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Биыл Бесағаш-Түрксіб ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2,1 миллиард теңгеге Ерназар, Жаңаөткел, Қызылшарық, Бектөбе, Өрнек Жұма ауылдарында таза ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылы аяқтау жоспарланған. Ал, көгілдір отынға қолжетімділікті қалыптастыру үшін де жүйелі жұмыстар жалғасуда. Аудан бойынша 42 елді мекеннің 38-і табиғи газ жүйесімен қамтылған.

Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Биыл аудандық маңызы бар Ерназар – Қойгелді, Ащыбұлақ ауылына кіреберіс, Аса ауылының оңтүстік айналма жолы, Аса – Мырзатай бағыты орта жөндеуден өткізілді. Тұрғындар қауіпсіздігі қашанда бірінші орында. Аса ауылында 6 жолақты теміржолды қиып өтіп жүрген тұрғындар үшін аспалы көпірдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл түйткілдің түйіні 30 жыл бойы тарқатылмай келген еді. Құрылыс жұмыстары аудан басшысының тікелей бастамасымен аудандық бюджет есебінен бөлініп жасалды.

Аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуінде көтерілетін мәселелердің бірі – жол. Жалпы, аудандағы 42 елді мекенде 436 шақырымды құрайтын 582 көше мен бұрылыстар бар. Тұрғындар сұранысына сәйкес, биыл ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 1 миллиард 105,5 миллион теңге қаралып, 24 елді мекендегі жалпы ұзындығы 39,8 шақырымды құрайтын 57 көше мен 22 бұрылысқа асфальт жабыны төселген.

Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар халықты жұмыспен қамтуға өз септігін тигізіп отыр. Бүгінгі күнге жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 4 018 адам қатысты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 1 272, ақылы қоғамдық жұмысқа 264 адам жолдама алған. Аудандағы 39 білім беру мекемесінің 26- сы типтік, 12-сі ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан.

Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шайқорық ауылында 300 орындық мектеп құрылысы басталса, республикалық бюджет есебінен Бәйтерек ауылында 100, Шайдана ауылында 150 орынды мектеп салынуда. Ал, Бірлесу Еңбек ауылында жеке балабақша ғимараты пайдалануға берілген. Алдағы 2025-2027 жылдары Қызылдиқан, Қоңыртөбе, Рахат, Қапал ауылдарында да жаңа мектептер соғу аудан жоспарына енгізілген. Есепті кезеңде 22 мектепке ағымды жөндеу жұмыстарына қаржы қаралған.

«Жомарт түлек» жобасы шеңберінде 75 жоба іске асырылған. Денсаулық сақтау саласында 36 мекеме бар болса, оның 19-ы ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Биыл Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау ауылдарынан медициналық пункт және Қаратау ауылынан фельдшерлікакушерлік пункт құрылысы жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Аса ауылындағы орталық аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті жобалық құжаттары әзірленіп, кешенді сараптамадан өткізілуде. Сараптаманың оң қорытындысы алынысымен қаржыландыруға ұсынылатын болады. Алдағы жылдары Шоқай, Қапал, Құмтиын, Бәйтерек ауылдарында медициналық пункт ғимаратын соғу жоспары дайындалуда. Мәдениет саласына назар айрықша аударылып отыр. Ауданда 1 аудандық Мәдениет үйі, 4 ауылдық Мәдениет үйі, 14 ауылдық клуб жұмыс істеуде.

Ауданда жалпы 6 спорт кешені, 2 спорт мектебі, 17 үлкен футбол алаңы, 41 шағын футбол алаңы, 25 балалар ойын алаңы, 18 «Street workout» балалар ойын алаңшалары бар. Биыл жастар өтінішіне сәйкес Өрнек, Қаракемер ауылдарында спорт кешені ел игілігіне берілді. Бесағаш ауылында спорт кешенінің құрылысы жыл соңында аяқталмақ. Сондай-ақ, Жаңаөткел, Қызылшарық ауылына шағын футбол алаңшасы орнатылып, Шоқай, Гродиково, Жамбыл, Еңбек, Қостөбе, Жалпақтөбе ауылындағы шағын футбол алаңшасына жасанды төсем төселінді. Аса, Ш.Ниязбеков, Қапал ауылдарына 5 балалар ойын алаңшасы орнатылды.

Бүгінгі таңда Тастөбе және Қызылқайнар ауылына спорт кешені құрылысын жүргізу үшін тиісті жобалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Алдағы жылдары Ерназар, Тоғызтарау, БірлесуЕңбек, Ащыбұлақ, Шайдана, Ш.Ниязбеков, Шоқай ауылында ангарлық үлгідегі спорт кешендерін орнату спорт басқармасымен бірге жоспарға енгізілуде.

Аудандағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жергілікті полиция бөлімімен бірлесе 42 елді мекеннің 33-нің кіреберісі және шығаберісіне 124 бейне бақылау камералары орнатылған. Биыл 11 елді мекенге бейне бақылау камералары орнатылды. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпті сақтауға көп септігін тигізбек. Тұрғындар сұранысымен Бектөбе және Қызылшарық ауылдарының қиылысына, Жалпақтөбе, Айша бибі ауылдарына бағдаршамдар орнатылған. Осы жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жол белгілері мен кедергілер және муляж орнатылса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жолақтар сызылуда. Сондай-ақ, Аса ауылындағы айналма жолға да бағдаршам орнату жоспарланған.

Ауданда атқарылған жұмыс ауқымды, алдағы жоспарлары тастай. Әрине, шешімін күткен мәселелер де баршылық. Дегенмен, жұртшылық көкейіндегі түйткілдердің түйіні тарқатылып келеді. Бұл өңірде халықтың талап-тілегі ескерусіз қалмайтынын көрсетеді.

Осылайша, аудан әлеуетін көтеру, тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы ілкімді істер кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы