Жас технократтарды тоғыстырған
Еліміз цифрландыру саласы бойынша соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Бүгінде тұрғындар өмірінің түрлі салаларын цифрлы трансформациялау бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Саладағы негізгі жетістіктер электронды мемлекеттік қызметтер санын ұлғайту, жаңа цифрлық шешімдер мен платформаларды енгізу, сондай-ақ IT және аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында байқалып отыр. Бұл бағытта жастарды қолдау, оларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашу бағытындағы жұмыстар өңірімізде де жүйелі түрде жалғасын табуда. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде өткен «Decentrathon 2.0» республикалық мультилокациялық хакатоны соның айқын дәлелі.
Astana Hub, аймақтық Zhambyl Hub және blockchain center ғылымизерттеу зертханасы мен Дулати университетінің коммерцияландыру бөлімі бірлесе ұйымдастырған хакатон еліміздің 17 өңірін, сондайақ, Астана және Алматы қалаларын қамтиды. Биыл байқауға 2500-ден астам қатысушы тіркеліп, Жамбыл облысынан 113 адамнан тұратын 43 команда бақ сынасты. Олар төрт негізгі бағыт: жасанды интеллект, Blockchain, ойын индустриясы (GameDev) және шағын Telegram қосымшаларын әзірлеу бойынша бақ сынасты.
Аталған жоба IT саласындағы жас мамандарға инновациялық стартаптар мен бизнес-бастамаларға қажетті ресурстар мен қолдау көрсетуді мақсат тұтқан. Қатысушы топтар ағымдағы мәселелердің жаңа шешімдерін ұсынуы және 48 сағат ішінде инновациялық өнім идеяларын әзірлеуі керек. Онлайн форматта ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев қатысушыларға табыс тілеп, жас мамандарға үлкен үміт артып отырғанын хабарлады.
Былтыр хакатонға 1 500 қатысушы қатысса, биыл қатысушылар саны айтарлықтай артқан. Тиісінше жүлде қоры 50 000 АҚШ долларына жеткен. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай байқаулар еліміздің Орта Азиядағы технологиялық саласындағы көшбасшы ретіндегі ұстанымын нығайтып, IT-саланың бір бөлігі ретінде жасанды интеллектіні дамыту үшін толыққанды экожүйені құруға ықпал етеді.
Байқау арқылы қатысушылар шығармашылықпен айналысып, болашақта IT саласында маңызды жобаларға айналуы мүмкін инновациялық өнімдерді жасау үшін өз дағдыларын пайдаланады. Мұндай сайттар әлеуетті инвесторларға қызықты және перспективалы жобаны табуға, ал әзірлеушілерге демеушілермен байланыс орнатуға ықпал етпек.
Еске сала кетейік, өңірлік хакатон бәйгесінің іріктеу сайысы наурыз айында өткен еді. Өңірлік Zhambyl IT Hub пен Шерхан Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институты бірлесе өткізген жарысқа облыстың жалпы білім беретін орта мектептерінің 10-11-сынып оқушылары мен колледж және университет студенттері қатысқан болатын. Екі күнге жалғасқан байқауға 19 команда қатысып, қатысушылар 24 сағат ішінде web немесе мобильді қосымша жасап шығаруы тиіс болды. Талантты жас технократтарды бір ортаға тоғыстырған байқау ақпараттық технологиялар, дизайн, әкімшілік және цифрлық жобаларды басқару саласына тың серпін берері сөзсіз.
Бүгінде платформа өз идеяларын жүзеге асырып қана қоймай, болашақ технологиялардың дамуына үлес қосқысы келетіндер үшін шынайы бәсекелестік алаңына айналып үлгерген. Жоба жетекшілері де Decentrathon 2.0 Қазақстан инновацияларды енгізуге және цифрлық әлемнің болашағын құруға дайын жас мамандар үшін мүмкіндіктер жасай отырып, IT саласын белсенді дамытуды жалғастырып жатқанын тағы да атап өтті.
Нұрболат АМАНБЕК