Спорт және туризм

Жерлесіміз күміс жүлдегер атанды

Тараздық палуан Ержет Жарылқасын олимпиадалық емес салмақта өткен әлем біріншілігінің күміс медалін жеңіп алды. 63 килограмға дейінгі салмақта ел намысын қорғаған жерлесіміз ақтық сында әзербайжандық Нихад Захид Мамедлиге есе жіберді. Қорытынды есеп 1:6 ұпаймен қарсыласының еншісіне жазылды. Осылайша, спортшымыз еліміз егемендік алғаннан бері грек-рим күресінен әлем чемпионатының финалында өнер көрсеткен 9-шы қазақ палуаны атанды. Сондай-ақ, оның қоржынында Азия біріншілігінің алтыны да бар.

Ержет осы жылдың сәуір айында Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігінде жасындай жарқылдады. Татами шебері осынау турнир барысында Оңтүстік Корея, Сауд Арабия және Солтүстік Кореяның бетке ұстар палуандарын тізе бүктіргенін спорт жанкүйерлері ұмыта қойған жоқ. Ал, финалдағы қарсылас оңай емес. Ол Жапон елінің ақ үміті Аята Сузуки. Десе де, тарихы терең Тараздың түлегі білгенінен жаңылмады. Біздің жігіт ә дегеннен-ақ жоспарлы айла-тәсілге көшіп, мысы басым жапондықты жолда қалдырды.

Айта кетерлігі, бұл оның ересектер арасында жеңіп алған алғашқы жүлдесі еді. Бұған дейін палуанның 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы деген атағы болатын. Ал, Албания астанасы Тиранада өткен тартысты жарыстың жөні бөлек. Себебі, мұнда әлемнің 100-ден аса мемлекетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықтылар күш сынасты. Жерлесіміздің алғашқы қарсыласы болған – поляк Майкл Тракс.

Бабы мен бағы келіскен палуанымыз бұл сыннан сүрінген жоқ. Есеп – 9:0. Екінші белдесуде ойдағыдай өтті. Ер Ержет әлемдік рейтингте 2-ші орынға жайғасқан франциялық Стефан Роджер Клэментті 10:0 есебімен ойсырата ұтты.

Жартылай финалда ресейлік Садык Лалаевтан 8:0 есебімен басым түскен саңлақ ақтық сынға жолдама алды. Алайда, белдесу барысында асығыстық танытып, алтынға бір табан жақын қалғанда мүлт кетті.

«Негізі финалға мықты көңілмен шыққанмын. Бәрі жетіп тұрды. Дайындығымыз да жақсы болды. Бірақ ойымдағыдай болмады, асығып кеттім. Бапкерлеріме рахмет айтамын», – деді спортшы белдесуден соң.

Десе де, «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» деген бар. Жамбыл жұрты Албанияда абыройымызды асқақтатып, алтынға бергісіз күміске қол жеткізген ұланына лайықты құрмет көрсетті. Бірер күн бұрын көне қаланың шығыс қақпасына жиналған көпшілік Ержетті зор қошеметпен күтіп алып, оған алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов ересектер арасында тұңғыш рет күміс жүлдеге қол жеткізген палуанның болашағынан зор үміт күтетінін атап өтті.

Бұдан кейін, сөз алған палуанның жеке бапкері Асылжан Байзақов құшақ жая қарсы алған жерлестеріне алғысын жеткізіп, шәкіртін 2028 жылы Америка Құрама Штаттарының Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындау жоспарында бар екенін айтты. Ол өз сөзінде қазақстандық жанкүйерлердің оның ішінде, туған елінің ақ тілеуі спортшыларға ерік-жігер сыйлайтынын атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде Ержеттің дәл осы бапкерінің қол астында жаттығып келе жатқанына он жылға жуықтады. Оған дейін балаң жігітке грек-рим күресінің әліппесін үйреткен алғашқы жаттықтырушысы Нүркен Қырбасов бозбаланың бойындағы талантын бағалап, біліктілігі мол әріптесіне тапсырған. Соның нәтижесінде облыс орталығындағы жоғары спорт мектебінде шынығып, шыңдалған саңлақ талай жарыстарда атой салып үлгерді. Әрине, олардың ішінде ең сүбелісі – ол күміспен күптелген әлем біріншілігі.

 

 Есен ӨТЕУЛІ