Садақ ату сәнге айнала ма?
Бір кездері шеберлігін күллі Еуразия халқы мойындап, түрлі жазбаларда тамсана жазып қалдырған ата-бабамыздың садақ ату өнері – бұл күнде де жаңа трендке айналды. Бұған дейін өгей баланың күйін кешіп, тек санда ғана бар, санатта жоқ спорт түрінің қайта жандануына ел ішіндегі мергендердің күрт көбеюі себеп болғаны рас. Мәселен, қазіргі таңда дәстүрлі садақ ату спортымен айналысып жүргендердің қатары екі мыңнан асып жығылады. Ең негізгісі, ұлттық құндылықты жаңғырту жолында өңір-өңірлерде арнайы орталықтар көптеп ашылуда. Оған осыдан екі жыл бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен «дәстүрлі садақ ату» өнерінің спорт түрі ретінде ресми танылуы жол ашса керек.
Жалпы, бүгінде елімізде мұндай орталықтардың саны 20-ға жуықтайды. Солардың бірі – Тараз қаласындағы «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығы. Негізін қалаушы – жамбылдық Индира Меңлібаева.
Денсаулығындағы кінәратына байланысты осынау спорт түріне бет бұрған жерлесіміз үлкен қызының көмегімен садақшылар туралы мәліметке қанығып, уақыт өте солардың жарысына барғанын айтты. Екі жыл бұрын кейіпкеріміздің жүрегі сыр бергендіктен, кардиологдәрігерлер оған садақ ату, яғни ағашқа байланған резіңкені тарту жаттығуын жасатқан екен.
Естеріңізде болса, Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында ұлық мереке – Республика күніне орай ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық фестиваль ұйымдастырылған еді. Фестиваль аясында қазақ күресінен, көкпардан, садақ атудан, тоғызқұмалақтан, асық атудан және теңге ілуден жарыстар өткен болатын. Бұл сында Тараз қаласы мен өңіріміздегі 10 ауданнан келген 500-ге жуық спортшы бақ сынасты. Жерлесіміз дәл осы сайыста садақ атудан «Пута» нысанасы бойынша үздік деп танылды.
Индира тамыз айында елордамыз Астана қаласында түндігі түрілген дүбірлі дода – V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында елшілік қызмет атқарған. Алайда, оның бастамасымен қазақы рухты жаңғыртып, жұртшылықтың ұлттық спортқа деген сүйіспеншілігін арттырып жүрген «SUGIR MERGEN» дәстүрлі садақ ату орталығына әзірге облыстық спорт басқармасы тарапынан ешқандай қолдау көрсетілмепті. Ал, орталықтың мұндай шарапатқа ие болуы үшін жауапты басқармаға қарасты бір мекемеде тіркелуі керек көрінеді. Оның үстіне, орталық жетекшісінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі деген дипломының жоқ болуы да кәдімгідей қол байлау болып тұр. Осы себепті, бұған дейін ұстаз болып қызмет еткен Индира Меңлібаева жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеуге мәжбүр. Ол өз сөзінде шыдамдылық, жүйке мықтылығы, өткір көз және қуатты қолды қажет ететін спорт түрін одан әрі дамыту үшін мемлекеттің қолдауы ауадай қажет екенін айтып қалды.
Жалпы, жуық арада едәуір қаржыны талап ететін садақ атудан ел чемпионатын өткізу – бір ғана адамға оңайға соқпайтыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте облыстық спорт басқармасының басшылығы бес қарудың бірі саналатын садақ ату өнерін насихаттап жүрген азаматшаның еңбегін бағалап, мергендердің ынтасын арттыру мақсатында жәрдемдессе деген тілек бар. Сонда біздің өңірде де айтулы жарыстарда асығы алшысынан түсетін сұрмергендердің қатары көбейе түсер...
Есен ӨТЕУЛІ