Қоғамдық бірлестіктер қолдаудан қалыс қалмайды
Заң үстемдігі орнаған Әділетті Қазақстанды құру жолында азаматтық қоғамның дамуы аса маңызды. Бұл тұрғыда ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Тұжырымдама аясында өңірімізде де қоғамдық бірлестіктермен бірлескен жұмыстар жалғасын тауып келеді.
Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесуі саладағы жүйелі жүзеге асқан істердің бір парасы. Кездесуде Қайрат Әбілханұлы басқосудың маңыздылығына кеңінен тоқталып, азаматтық қоғам институттарының мемлекетіміздегі өзекті мәселелерді шешудегі маңыздылығын атап өтті.
Келесі кезекте Жамбыл облысы Азаматтық Альянсының төрағасы Исламбек Дастан жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Сонымен бірге жиында «Қазақстандық Бочча федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыс бойынша филиалының төрайымы Меруерт Ерсай және «Коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Айнұр Заурбековалар сөз алып, азаматтық секторды дамыту бойынша ұсыныспікірлерін ортаға салды. Келелі кездесуде үкіметтік емес ұйымдар тарапынан туындаған мәселелер де назардан тыс қалмады. Мәселен, «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірле стігінің төрағасы Талғат Кеншінбаев тәуелсіздік мерекесі жақындап келе жатқанын, а л Желтоқсан орталығы әлі де ешқандай мекеменің теңгерімінде еместігін алға тартты.
Өз кезегінде Қайрат Исмаил орталықтың қалалық ішкі саясат бөліміне тапсырылғанын айтып, маңызды мәселені жеке назарға алатындығын атап өтті. Басқосу соңында бірқатар үкіметтік емес ұйымның жетекшілеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды. Айта кетерлігі, бүгінде қалада 532 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 380-і–қоғамдық бірлестіктер, 126-сы – қоғамдық қорлар болса, қалған 26-сы – заңды тұлғалар бірлестігі.
Нұрболат АМАНБЕК