Қоғам

Қала бюджеті нақтыланды

Сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс жиырма бірінші сессиясы өтіп, жиынды мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай ашып, жүргізіп отырды. Сессияға қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил, әкім орынбасарлары мен бөлім басшылары, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің төрағалары, қаладағы құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Сессияда «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасады.

Бөлім басшысы бұлардан басқа тұрғын үй сертификаттарын беруге 100 миллион теңге, «Ұлы дала» шағын ауданындағы 1200 орындық жайлы мектепке кіреберіс жолды орташа жөндеуге 180,9 миллион, осы аудандағы 2000 орындық тағы бір жайлы мектепке кіреберіс жолды орташа жөндеуге 128,6 миллион, «Бәйтерек» шағын ауданындағы 1200 орындық жайлы мектепке кіреберіс жолды орташа жөндеуге 46,1 миллион теңге жұмсалатынын айтты.

Қала бюджетінің шығыстары бойынша биыл «Ұлы дала» шағын ауданындағы құрылысы жүріп жатқан 34 көпқабатты тұрғын үйдің жетеуінің құрылысы аяқталмауына байланысты келесі жылға өтпелі болып отыр. Осыған орай 7 тұрғын үйдің инженерлік желілері мен абаттандыру жұмыстарына бөлінген қаражаттар игерілмейтіндіктен 300 миллион теңге кемітіліп, бұл қаражаттар көше жарығының коммуналдық төлемдеріне бағытталатын болды.

Сессияның күн тәртібіндегі келесі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты шарттардың жобасына келісу туралы мәселе қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәслихаттың инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында жанжақты қаралып, сессияның қарауына ұсынылған болатын.

Аталған мәселе бойынша депутаттар алдында қала әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Темірхан Айменов хабарлама жасады. Сессияда Ерлан Абдуллаев, Әсел Жапарова, Руслан Мырқалықов, Зарина Қуатова және басқа да депутаттар сөйлеп, сайлаушылардың талап-тілектерін, оларды толғандыратын мәселелерді көтерді. Жиында негізінен қала жолдарының жөнделуі, олардың сапасы, көшелерді жарықтандыру, ауыз су мәселелері сөз болды.

Мәселен, депутат Әсел Жапарова облыс орталығының №4 аумақтық округіне қарасты Қазақ көшесінде ауыз су мәселесін көтеріп жүргеніне 1,5 жыл болғанын айтып, билік бұл мәселені қашан шешеді деген сауал қойды.

Депутаттар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға қала әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил мен тиісті сала басшылары жауап берді. Кезектен тыс сессияда күн тәртібіне енгізілген мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Тараз қаласы