Қоғам

Мақсат – жол сапасын жақсарту

2019 жылы құрылған «Жол активтерінің сапасының ұлттық орталығы» өңірлік филиалының ұжымы биылғы жылдың он айын оң нәтижемен қорытындылап отыр. Есепті кезеңде филиал қызметкерлері нәтижелі жұмыс істеп, кездескен кедергілерді еңсеруге күш салды. Жолшылар қара жолдағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, құзырлы мекемелер мен мердігер ұйымдарға тиісті хат жолдады.

Мәселен, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филиалы барлық анықталған ескертулер бойынша тапсырыс беруші мен мердігерлерге барлығы – 151 хат жолдаған. Бұдан бөлек, бас-аяғы 475 нысанға 883 рет іссапармен шығып, инспекциялық тексеру жүргізген. Сондай-ақ, жол-құрылыс материалдарының 2 558 дана үлгісінен сынама алынған. Нәтижесінде 847 (34%) сынаманың белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болған. 

Филиал қызметкері, инженер Ахметжан Бименовтің айтуынша, мердігерлер ең алдымен, жұмыстың сапасына айрықша көңіл бөлсе, асфальт жабынын орнату технологиясы өз жемісін бермек. Ол өз сөзінде тапсырыс беруші мен мердігер ұйымдар сапаға мән берсе, жол-құрылыс саласында кемшіліктер жойылып, заң бұзушылықтар тыйылатынын жеткізді.