Әлеумет

Қос мереке қошеметі

Республика күніне орай «Белсенді ұзақ өмір» орталығында «Қыран елім –Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті. Әлеуметтік қызметкерлер күнімен тұспа-тұс келген айтулы мерекеге облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Нұрбол Досалиев пен орталық директоры Олжас Ақылбаев қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ, халықты әлеуметтік қорғау саласында атқарған жемісті еңбегі мен қосқан үлесі үшін Олжас Бақытұлы бірнеше мекеме қызметкерін Алғыс хаттармен марапаттап, еңбекте жеміс тіледі. Ресми мереке орталықтың белсенді қызмет алушыларының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Кеш барысында Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», Б.Тілеуханның «Елім менің» сынды патриоттық әндері шырқалып, халық биі «Аса таяқ» пен халық термелері көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, қатар келген қос мерекенің құрметіне орталықта шахматтан, тоғызқұмалақ пен дойбыдан әлеуметтік сала ардагерлері арасында турнир өтті.

Шыдамдылық пен логикалық ойлауды қажет ететін аталмыш спорт түрлерінен жарыс барысында ардагерлеріміз барынша шеберліктерін көрсетті. Бұған дейін де ауқымды жарыстарда топ жарып жүрген қызмет алушылар бұл жолы да жеңіс тұғырынан көрінді.

Турнир қорытындысы бойынша шахматтан Қ.Ізбасаров, Ә.Тайшыбеков, А.Алимханов жүлделі орындарды жеңіп алса, дойбыдан М.Байдалиев, Б.Құрманбеков, А.Досановтар, тоғызқұмалақ спорт түрінен О.Алтаева, А.Үсенбайұлы, Р.Асановтар қарсыласынан басым түсті. Іс-шара соңында ЖҚ және ӘББ әлеуметтік сала ардагерлерінің төрағасы Ескендір Жүнісов пен орталық директоры Олжас Бақытұлы жеңімпаздарды Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы дипломдарымен марапаттап, сый-сияпаттар табыс етті.

 

Салтанат ӘЛІМҚҰЛОВА

«Белсенді ұзақ өмір» орталығының қазақ тілі нұсқаушысы.