Денсаулық

70 жасың құтты болсын, жан анам

Бүгін анамыз Найля Заурбекқызы мерейлі 70 жасқа толып отыр. Анамызды, немерелерінің әжесін осы мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймыз!

Әр адамның арманы сонау жастық шақтан қалыптасады емес пе? Тұлымшағы желбіреген жас қыз Найля өскенде дәрігер болуды армандайтын. Талапшыл жастың арманы адастырмады.

Жамбыл қаласында орта мектепті үздік бітірген ол Семей медициналық институтына түсті. 1978 жылы дипломды дәрігер, Мойынқұм ауданында балалар дәрігері болып еңбек жолын бастады. Жұбайы Нұржан Сапахов ауданның ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Жарасымды жас отбасы сол жылдары өсіпөркендеген ауданның еңбек майданында аянбай тер төкті. Осындай еңбекпен өткен 34 жыл ішінде аудандық аурухананың бас дәрігері, туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері қызметтерін атқарып, аудан халқының денсаулығын сақтау сынды жауапты жұмыстарды абыроймен атқара білді. Бұл айтқанға ғана оңай. Жеті жыл ұшықиыры жоқ ұланғайыр Мойынқұм өңіріндегі мекемені басқару оңай шаруа емес еді.

Аудандық бас аурухананы медициналық құрал-жабдықпен қамту, дәрі-дәрмекті жеткізу, ең бастысы білікті мамандармен камтамасыз ету басты талап болатын. Әсіресе, табиғаты қатал өңірде түрлі сырқатқа тап болған қарттарды, аяғы ауыр әйелдерді дәрігерлік бақылауда ұстап, қажетті ем-шараларды жүргізу үшін де қатал тәртіп керек болды. Дәрігер мамандардың тапшы кезі. Қиырдағы ауданға жоғары білімді дәрігер бара да бермейтін. Ол мәселені де Найля Заурбекқызы табандылығымен шеше білді.

 Ол 2007-2012 жылдар аралығында туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері қызметін атқарып, осы жерден зейнетке шықты. Еңбегі ескерусіз қалмады. Ол «Қазақстанның Үздік дәрігері» атағын иеленді. Түрлі дәрежедегі мемлекеттік орден-медальдармен марапатталды. Мадақтама марапаттары да жетерлік.

Білікті дәрігер зейнетке шыққаннан кейін де 10 жыл Тараздағы №2 қалалық емханада бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. Өмір тек даңғыл жолдан тұрмайды екен. Ұзақ жыл отасқан жұбайы Нұржан мезгілсіз дүниеден озып, қиындықпен бетпе-бет қалган кезі де болды.

«Орнында бар оңалар» деген, екеуі әлпештеп өсірген ұлқыздары өсіп-өніп, жоғары білімді маман атанып, өмірден өз орындарын тапты. Олардан тараған немеренің қызығына бөленіп, солардың тілеуін тілеуде.

Анамыз Найля Заурбекқызын туған күнімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!

 

 Құттықтаушылар: ұл-қыздары, күйеу баласы, келіні, немерелері.