Аймақ

Тұрғындар тілегі – басты назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығына сәйкес, Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Кәрентаев өзі тағайындалған күннен бері ауданның елді мекендерін аралап, тұрғындармен кездесіп, оларды жеке сұрақтарымен қабылдауда. Кездесу барысында аудан басшысы халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударумен қатар, азаматтарды елімізді жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етіп, мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіруде.

Жақында аудан әкімі Ермек Кәрентаев Мыңарал, Шығанақ және Ақсүйек ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендердің жай-күйімен танысты. Жиында тұрғындар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтып, ауылдардағы өзекті мәселелерді көтерді. Мәселен, Мыңаралда электрик маманы тапшы екені, ал Шығанақта дәрігер жоқтығы айтылды.

Кездесуде ауыз су мәселесі де көтерілді. Ақсүйек ауылындағы Мәдениет үйін қажетті жиһазбен қамтамасыз ету, тұрғындарға су таситын көлікті жөндеу, елді мекенді абаттандыру үшін ағаш көшеттерімен қамтамасыз ету, балалар алаңын жаңарту және ауылдықтарды аудан орталығына қатынау үшін аптасына бір рет көлікпен қамтамасыз ету сынды мәселелер көтерілді.

Аудан басшысы кейбір мәселелерді сол жерде шешіп берсе, кейбіреуіне зерделеу жұмыстарының нәтижесінен кейін нақты жауап болатынын айтты. Сондай-ақ, тиісті салалардың жауапты мамандарына аталған мәселелер бойынша тапсырмалар берді. Сондай-ақ, іссапар барысында Ермек Амангелді ұлы аталған ауылдарда әкімдік ғимаратының, білім беру орталықтарының қыс мезгіліне дайындық барысын тексеріп, ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеменің жұмысын және полиция бөлімшесінің ғимаратын аралап көрді.

Осындай кездесулер жақында Хантау ауылдық округінің және Қияқты елді мекенінің тұрғындарымен де өтті. Жиын барысында азаматтарды мазалайтын теміржолдан өту мәселесін қарастыру, жаңа балабақшаға арналған ғимарат алу, Қияқты ауылында көппәтерлі үйдің шатырын ауыстыру және сол ауылда ішкі жолдар салу сияқты мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, іссапар барысында Ермек Кәрентаев аталған ауылдардағы әлеуметтік нысандардың қысқа дайындық барысын тексерді.

Мирный ауылдық округінің халқы да аудан әкімімен кездесуде өздерін мазалайтын бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, ауылдағы орыстілді азаматтарға мемлекеттік тілді үйрететін мұғалім керек, сондай-ақ көмір бағасын төмендету және ауыз су мәселесін түбегейлі шешу мәселелері тағы бар.

Аудан әкімі Ермек Кәрентаев Ақбақай ауылының тұрғындарымен де кездесті. Халықтың белсенділігімен өткен жиын барысында тұрғындар республикалық т асжолға дейінгі жолды салу, ауыл азаматтарының «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамына қарасты «Ақбақай» кен өндіру зауытына жұмысқа орналасу мәселесін шешу сынды өтініштерін айтты. Осы өңірдегі басқа да елді мекендердегідей мұнда да ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті күйде қалып отырғаны сөз болды.

Қазіргі кезде Күшаман ауылының тұрғындарын толғандыратын егін шаруашылығындағы қиындықтар, спортпен шұғылданатын орынның жоқтығы және ауылға клуб салу сынды мәселелер де аудан басшысымен кездесу кезінде көтерілді. Ал, көршілес жатқан Қызылтал ауылдық округі тұрғындарының ауыз су мәселесі, ауыл көшелерін жарықтандыру, спортпен шұғылданатын ғимаратпен қамтамасыз ету және клуб салу сынды өтініштері бар екені белгілі болды.

Кеңес ауылдық округінде кезекті кезде су жиынын өткізген Ермек Амангелдіұлына тұрғындар ауыл ішіндегі көпірдің жайы, ауыз су мәселесі, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау, егіндікті сумен қамтамасыз ету, мәдениет саласының жай-күйі, көмірдің бағасына қатысты өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі ауылдағы күрделі жөндеуден өткен №2 орта мектеп пен ауыз су ғимаратының жағдайымен т анысып, қыс ме згіліне дайындық барысын тексерді.

Биназар ауылдық округінің тұрғындарымен өткен жиында ауылдағы кіші футбол алаңшасының жағдайы, ауылға трансформатор қойып, электр желісін жөндейтін маманмен қамтамасыз ету, малдардың жол бойында жайылып жүруі, тұрғындарға жер телімдерін бөлу, медпункттің жабдықталуы мен ауыз су мәселесі көтерілді. Ал, Бірлік ауылдық округіндегі аудан басшысының қатысуымен болған кездесу жиыны да тұрғындардың белсенділігімен өтті.

Бүгінде тұрғындарды үш мыңға жуық халық тұратын ауылдағы интернет желісін жақсарту, Қ.Рысқұлбеков атындағы мектептің жөндеу жұмыстарының нәтижесі, мал санағын жүргізу тәртібі, ауыл маңындағы аялдамалардың жай-күйі толғандырып отыр.

Жамбылдықтар болса ауылда балалар алаңын салу, елді мекенге газ жүргізудің жай-жапсары және балабақшаның қазандығын жаңарту мәселелерін көтерді. Кездесуден соң аудан әкімі тиісті сала мамандарымен бірге әкімдік ғимаратының, білім беру орталықтарының, кітапхана, Мәдениет үйі, медициналық бөлімшенің және орман шаруашылығы мекемесінің қыс мезгіліне дайындық барысын тексерді.

Осындай кездесулер аудан орталығы–Мойынқұм ауылында, сондай-ақ Қылышбай, Қарабөгет, Құмөзек, Ұланбел ауылдық округтерінің тұрғындарымен де өтіп, аудан әкімі сұрақ-жауап түрінде өткен кездесулерде халықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беріп, жиында көтерілген мәселелердің заң аясында шешілетінін айтты.

Аудан басшысы көтерілген сұрақтар бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, белгіленген уақытта нақты жауап болуын талап етті. Айта кетсек, аудан әкімі Ермек Кәрентаев өткізген кездесулер барысында тұрғындар негізінен шабындық жерлер, мал жайылуға арналған аумақтар, каналдарға су жіберу, Қарабөгет ауылындағы апатты жағдайда тұрған көпірдің мән-жайы, ауыз су сүзгілерін жаңарту, Радай өзеніне су жіберу, аудан орталығын мал дәрігерімен қамтамасыз ету, елді мекендердегі интернет желісін жақсарту, халық тұтынатын көмірдің бағасын төмендету және Тараз қаласы мен Мойынқұм ауылы аралығында қатынайтын автобустың жұмысын реттеу сияқты өтініштер айтылды.

Тұрғындардың тарапынан қойылған барлық сауалдар мен ұсыныстар аудан басшысының жіті бақылауына алынды.

 

Мойынқұм ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Мойынқұм медиа орталығы».