Шымырлықты шыңдаған бәсеке
Ел мен елді байланыстыратын, намысыңды дүр сілкіндіретін саланың бірі – спорт. Болашақта елдің атын шығаратын спортшы жастарға назар аудару аса маңызды. Жастардың мүмкіндігі молайған сайын мемлекетіміздің спорттағы беделі арта беретіні анық.
Республика күні мерекесі қарсаңында Тараз қаласында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, колледж оқу орындарының 2008-2009 жылы туған жасөспірімдері арасында ҚР Туризм және спорт министрлігінің кубогы ұйымдастырылды.
Жарыс өскелең ұрпақтың арасында бәсекелестікті арттыруды, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауды көздеді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында бокс, дзюдо, таэквондо, грекрим және еркін күрес бойынша елімізді ң спорттық оқу орындарының тәрбиеленушілері өзара кім мықтыны анықтаған болатын.
Жалпы, еліміздің Туризм және спорт министрлігінің ауыспалы кубогын еліміздің әр өңірінен жиналған 18 құрама сарапқа салды.
Кубоктың ашылу салтанатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов сөз алып, барша қатысушыларды құттықтады.
«Барлық командаға жеңіс пен абырой тілеймін. Әр аймақ пен облыстардың жақсы дайындықпен келгеніне күмәніміз жоқ. Шын үздік команда жеңіске жетсін», – деді ол.
Мұнан соң еліміздің Туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитеті спортты дамыту дирекциясы басшысының орынбасары Азамат Хамзин де спортшыларға сәттілік тіледі. Спорттың аса маңызды бес түрінен ұйымдастырылған кубок жолындағы жарыс жоғары деңгейде өтті.
Алайда, жамбылдық команда намысқа тырысқанымен, жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Аса тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы «Шаңырақ» құрамасы жеңімпаз атанып, кубокты иеленді. Күміс жүлдені елордалық Қажымұхан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатколледжінің спортшылары олжаласа, ал үздік үштікті Каркен Ахметов мектепинтернат-колледжі түйіндеді.
Бұл кубок жарысы мектеп-интернат-колледжде талантты спортшылардың шығып келе жатқанын көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ