Денсаулық

Облыста тұңғыш рет күрделі ота жасалды

Облыста бұрын-соңды жасалмаған ота түрі сәтті жүзеге асырылды. Облыстық көпбейінді аурухананың колопроктология бөлімінде алғаш рет жаңа инновациялық операция түрі бойынша шеберлік сыныбы өтті. Оған облыстың бас хирургі Жандос Жандарбекұлы, бөлім меңгерушісі Қайрат Әкімжанұлы және аурухананың білікті проктологхирургтары қатысты.

Мәні зор іс-шара барысында өңірімізде бұған дейін жасалмаған заманауи хирургиялық әдіс қолданысқа енгізілді. Бұл жаңашылдық аталған аурухананың бас дәрігері Марат Жұманқұловтың бастамасымен іске асырылғанын айта кетейік. Шеберлік сыныбы барысында 66 жастағы науқасқа күрделі хирургиялық араласу жасалды.

 Науқас бір жыл бойы тік ішектің созылмалы іріңдеуі салдарынан тік ішек пен қынап арасындағы жыланкөзден зардап шегіп келген, бұл оның өмір сүру сапасына кері әсерін тигізген. Операция барысында фистула қалыпқа келтіріліп, үлкен дәреттің табиғи жолмен шығуына мүмкіндік жасалды. Ота сәтті аяқталып, алғашқы тәулікте науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.

Айта кетейік, операция «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы шарты негізінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен жасалды.

Бұрын тек республикалық орталықтарда жасалатын мұндай операциялардың енді өз облысымызда да жүзеге асырылуы аймақ үшін маңызды жетістік. Бұл жаңашылдық арқылы өңірдегі науқастарға сапалы медициналық қызмет қолжетімді бола түсті. Енді осындай күрделі жағдайлары бар науқастар өз өңірінде ем қабылдай алады.

Бұл денсаулық сақтау саласының жергілікті деңгейде дамуына үлкен серпін бергенін атап айтқан жөн.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА