Сала үздігі атанған дәрігер
Республика күні қарсаңында еліне жасаған қызметімен құрметке бөленген бірқатар азаматтардың жоғары марапатқа ие болғанын қуана хабарлаған болатынбыз. Солардың қатарында Мойынқұм аудандық аурухананың перзентхана бөлімінің меңгерушісі Қарлыға Садырбаева Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Жас аналар мен балалардың өмірі үшін тынбай еңбек етіп жүрген ақ халатты жандардың бірі – осы Қарлыға Елеусізқызы. Ауданға қарасты Мойынқұм ауылында 1977 жылы дүниеге келіп, осы жақта 11 жылдық мектепті тәмамдаған. 1998-2005 жылдары аралығында Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясынан білім алады. Акушер-гинеколог мамандығы бойынша білімін жалғастырған ол 2005 жылы Мойынқұм аудандық ауруханасында қызмет етеді. Мойынқұм ауданының орталығында еңбек етудің өзіндік қиыншылықтарымен бірге артықшылықтары болады.
Жұмыстың практикалық қырына үйрететін тәлімгердің болмауы қиындық тудырса да, бір жағынан ешкімге сенбей жауапкершілікпен қызмет етіп, үнемі ізденіс үстінде болу қызметте тәжірибе жинауға септігін тигізеді.
2010 жылы аудандық перзентхана бөлімінің меңгерушісі болса, 2012 жылдан бастап перзентхананың акушергинекологы қызметін атқарып келеді. Ана атанып, дені сау баланы өмірге әкелу – әр әйел затының арманы. Алдына келген әрбір қыз-келіншекке жанашырлықпен қарап, жағдайын түсініп, сауатты ем-шара жасау міндетін тыңғылықты атқарған Қарлыға Садырбаева көптеген келіншектерге денсаулығын сақтап ана бақытын сезініп, сәби құшуына себепкер болды.
Олай болса, міндеті зор жауапты қызметті мінсіз атқарып, ана мен бала денсаулығы үшін уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың мәртебесі биік болып, халықтың алғысын ала берсін дейміз.
Қуаныш ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ
журналист
Мойынқұм ауданы