Антына адал дәрігерлер ұжымы
Ұлттық мереке – Республика күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдің әлеуметтікэкономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға белсенді үлес қосқаны үшін марапатталғандардың ішінде жерлесіміз Сейтхан Жошыбаев та бар. «Отан» орденімен марапатталған медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты кардиохирург Сейтхан Жошыбаев облысымыздың мақтанышы екені әмбеге аян. Оның басқаруындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының да халықтың денсаулығын күтіп, өмірді ажалдан арашалауда атқарып келе жатқан жұмыстары ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Осындай үлгілі ұжымның қатарындағы дәрігер, интервенциялық хирург Тимур Сейсембеков те айтулы мерекеде Елордада өткен салтанатты жиында Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Осыдан он жеті жыл бұрын қызметін бастаған Кардиохирургия және трансплантология ғылымиклиникалық орталығы Ел Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына және «Еуропалық сапа» алтын белгісіне, Францияның медициналық «Sein» атты алтын медаліне ие болып, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» халықаралық имидждік бағдарламасы бойынша лауреаты атанған.
Бүгінге дейін бірнеше рет медицинаның озық әдістерін қолданып, дәрігерлік үздік тәжірибелерді алмасуға арналған ғылыми конференциялар мен шеберлік кластарын өткізіп жүрген бұл орталық туа біткен, жүре пайда болған жүрек ақаулары, коронарлық патологиялар және жүректің басқа да аурулары кезіндегі операцияларды сәтті жасап келеді.
Жұмысын бастағалы бергі уақыт ішінде орталықта жүрекке 4 500 мыңнан астам ота жасалыпты. Мұнда 4 бағдарлама әзірленген. Атап айтсақ, кардиохирургияда қан үнемдеу технологиясын жетілдіру, кардиохирургиядағы инновациялық миниинвазивті технологияны әзірлеу және жетілдіру, жүрек-қантамыр жүйесінің туа біткен патологиясының перинаталдық және неонаталдық диагностикасын ұйымдастыру және мамандандырылған кардиохирургиялық көмекті ерте көрсету, жедел және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бағдарламалары қолға алынған.
Негізінен бұл орталық клиникалық, ғылыми, ұйымдастырушылық-әдістемелік, білім беру бағыттары бойынша жұмыс істейді. Осы бағыттармен орталықта ересектер мен балаларға кардиология, кардиохирургия бойынша консультациялық көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, электрокардиограмма, доплермен эхокардиография, қан тамырларының ультрадыбыстық диагностикасы, кардиология бойынша функционалдық диагностика жүктемелік тестілеу тредмил тест, қан қысымының тәуліктік мониторингі, Холтер ЭКГ, спирометрия, рентгендік диагностика, компьютерлік диагностика жасалады.
Сондай-ақ, науқастар үшін зертханалық диагностика, жедел коронарлық синдром, созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне ем жүргізіледі. Туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауы, кардиоваскулярлық патология кезіндегі операциялар, яғни миокард реваскуляризациясы, аневризма және жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау (LVAD) секілді тағы да басқа кардиохирургиядағы стационарлық көмек көрсетіледі.
Тамырлар мен жүрекке рентгендік эндоваскулярлық операциялар, катетеризация, коронарография, стендтеу, баллондық ангиопластика, туа біткен жүрек ақауы кезіндегі ақаулардың эндоваскулярлық жабылуы, миомадағы жатыр тамырларының эмболизациясы, аденомадағы простата, перифериялық тамырлардағы операциялар жасалады.
Айта кетейік, мұнда инновациялық тәжірибелер жүзеге асырылып келеді. Мәселен, торакоскопиялық әдіс – инновациялық технология барысында енгізілген жаңа әдіс. Оны енгізу үшін орталық мемлекеттік грант алған және оны табысты іске асыруға әрекет жасап келеді. Зерттеу де ғылыми жаңалыққа ие, өйткені ол – Қазақстанда жасанды қан айналымы жағдайында артериалды және қарыншааралық қалқанның ақауларын жабу үшін торакоскопиялық операциялар әдісін қолдану тәжірибесін қолданған алғашқылардың бірі.
Жыл сайын балалардағы туа біткен жүрек ақауы бойынша 200-ге жуық операция жасалады. Жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысындағы науқастарда олардың өмірін сақтап қалу және кадаврдан жүрек трансплантациясына дейін қан айналымын жақсарту үшін жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау инновациялық әдістемесі енгізілген. Осы жылдар ішінде 30 «жасанды сол жақ қарынша» LVAD-HeartMate3 құрылғысы арқылы имплантацияланды.
Тамырларға рентгендік эндоваскулярлық араласулар жасау – медицинадағы үлкен жетістік. Бұл әдіс орталықта кеңінен енгізілген.
Халықтың денсаулығын сақтауда нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан орталықтың директоры Сейтхан Жошыбаев Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының академигі және Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондентмүшесі ретінде де ғылыми ізденісін үздіксіз жүргізіп, ұжымдастарының кәсіби біліктілігін жетілдіруге баса назар аударып жүр.
Біз оны орталық қызметкерлерінің заманауи технологияларды үйреніп, оқытуға қатысып жүргендерінен және сондай дәрістердің осы орталықтың өзінде ұйымдастырылатынынан байқадық.
Қамар ҚАРАСАЕВА