Шулық шаруаларға қолдау жоғары
Шу ауданының шаруаларына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 4,2 миллиард теңге субсидия берілген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков айтып берді.
2019 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 5 ауылдық округте іске асырылған. Жобаның бес бағыты бойынша 715 өтінім қарастырылған. Биыл аталған жобаның 5 бағытына басымдық берілген. Яғни, кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бойынша жобалар қолдау көруде. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Шу ауданының 18 округі мен Шу қаласынан 157 өтінім жинақталды. Жалпы, жинақталған өтінім құны 1 307,3 миллион теңге.
Бүгінгі күнге «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен мақұлдау жұмыстары басталып, 7 жоба келісіліп, қалған құжаттарын жинақтауда. Сонымен қатар, 25 жобаның кепіліне бағалау жұмыстары жүргізілуде. Ауданда баспана мәселесі де оңтайлы шешіліп келеді. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлер тарапынан Шу қаласынан 30 пәтерлі 5 қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді.
Аталған жобаның бір ерекшелігі – тұрғындар алған пәтерлерінің 30 пайызын алдын ала төлесе, қалған бөлігін 5 жылға пайызсыз төлейтін болады. Одан бөлек, өткен жылы, тұрғын үй сатып алу бюджеттік бағдарламасы аясында кезекте тұрған 60 азамат баспаналы болса, биыл 100 азаматқа баспана кілтін табыстау жоспарда.
Бақытжан Оразалыұлының айтуынша, ауданда игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары да жолға қойылған. Жыл басынан бері игерілмей жатқан 3 653,0 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 1500 гектары егістік, 2153 гектар жайылымдық жер. Сонымен қатар, 10 жер учаскесі аукцион арқылы ойнатылып үш жыл мерзімге уақытша пайдалану құқығына берілді.
Жалпы ауданы 82,46 гектар 10 ауылшаруашылық мақсатындағы егістік жер учаскесі жыл соңына дейін конкурсқа шығарылады. Алайда, әлі күнге дейін шешілмей жатқан мәселелер де баршылық. Мәселен, ауданда кейбір елді мекендер әлі күнге дейін ауыз сусыз отыр. Бақытжан Жәнібеков бұл түйткілдің жай-жапсарын да ашық айтып берді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ