Аймақ

Алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті

Облыста алғаш рет ауыл әкімдерінің форумы өтті. Amanat партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған форумда ауыл әкімдерінің басын қосып, мемлекет пен қоғам алдында тұрған, ауыл халқын толғандырып жүрген өзекті де өткір мәселелерді ашық талқылап, олардың шешілу жолдарын қарастыру мақсат етілген.

Алқалы жиынға Amanat партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен басқарма басшылары қатысты. Тұңғыш рет өткізіліп отырған форумды ашқан Amanat партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов іс-шараның мақсатымен таныстырды.

Бұл форумның маңыздылығына тоқталған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек елді мекендерді дамытуды көздеген жоспарлармен де бөлісті. – Amanat партиясы облыстық филиалының бастамасымен өткізіліп отырған бұл форумның маңызы үлкен. Өйткені, ауыл әкімдері барлық мемлекеттік жүйенің алдыңғы шебі, атқарушы биліктің жергілікті жердегі тікелей өкілі.

Бүгінгі форумда ауылдық аймақты дамытудағы биліктің рөлі талқыланып, ортақ конституциялық шешімдер қабылданады. Ауылды дамыту – ел үшін стратегиялық міндет. Ауыл – экономикамыздың негізі, мәдениетіміз бен рухани мұрамыздың қайнар көзі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын» деді.

Дәл осы мақсатта елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, тұрақтылықты қамтамасыз етуде ауыл әкімдерінің іскерлігі маңызды. Жұрт ауыл әкімдерінің қызметіне қарап, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды.

Бұл, әрине үлкен жауапкершілік. Шаруаға ширақ, елге жақын азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, әкімдердің мәслихат депутаттарымен бірлесе жұмыс істегені абзал. Өздеріңіз білесіздер, Президенттің саяси реформалары аясында ауыл, аудан әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлауда. Былтыр алғаш рет Жуалы және Тұрар Рысқұлов аудандарының әкімдерін тұрғындар сайлады. Облыс бюджетінің 55 пайызы, яғни 77 миллиард теңге ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы биыл да ауылдарды дамытуға көзделген жоспарларды айтып өтті.

Форум ауылдық аумақтарды дамытудың, қаржылық дербестіктің және ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын іске асырудың негізгі мәселелерін талқылауға арналған алаңға айналды. Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылдық округтер мен аудан әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі бастамасы жергілікті жерлерде демократияны нығайтуға бағытталған.

Форумның панельдік сессияларында ауыл әкімдері мен аймақ басшыларының орынбасарлары, облыс прокуроры мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшылары өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды.

Атап айтқанда, облыстағы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы және ауылдың әлеуметтік саласын жандандыруға бағытталған жұмыстар басқосудың күн тәртібіне шығарылды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА