Жуалыда жаңа жобалар жүзеге асып келеді
Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы айтып берді.
Ол ағымдағы жылдың тоғыз айында ауданда 58,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілгенін атап өтті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 13,1 миллион теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 миллион теңгеге артық. Ал, ауыл шаруашылығында 32343,7 миллион теңгеге өнім өндірілген. Құрылыс саласы жақсы қарқынмен дамып келеді, оның көлемі қаңтар-қыркүйекте 5305,3 миллион теңгеге жеткен. Осы жылдың басынан бері 12292 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Аудан басшысының айтуынша, жо спар бойынша жыл соңына дейін мемлекетке бес мың гектар пайдаланылмайтын жер қайтарылатын болады. Бүгінгі таңда 39 жер учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылды. Оның ішінде 20 гектар егістік, 2660,8 гектар жайылым, 12,7 гектары басқа да жерлер. Ауданның 49 елді мекенінің 46- сы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қалған үш елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Түктібай және Ақтөбе ауылдарын сумен жабдықтау үшін республикалық бюджеттен қаражат қарастырылған. Табиғи газбен 45 елді мекен қамтамасыз етілген, аудандағы газ құбырының жалпы ұзындығы 569,79 километрді құрайды. Абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша екі айлық аясында 13 сенбілік өтіп, «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша 20 мыңнан астам көшет отырғызылған, ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында 160 көше тазартылған. 1,2 миллиард теңгеге 44,6 шақырым автожолдарды орташа жөндеу бойынша жоспарланған болса, 41 жобаның 39-ы сәтті іске асырылды.
Ауданда тұрғын үйге кезекте 909 азамат тұр. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында екі көппәтерлі тұрғын үй салынып, пәтерлер 36 кезекте тұрған азаматқа бөлінді. Қазіргі «Самұрық-Қазына» АҚ есебінен бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй салу үшін 909,6 миллион теңге бөлінген. Жуалы ауданы өңірдегі сүт өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша көш басында.
Бұл ретте биыл кәсіпкерлік саласында «Олжа» жеке кәсіпкерлігі жыл соңына дейін сүт цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал, «Мол Даму» ӘКК мен «Асылжан» ЖК сүт зауыттарын салу бойынша, «Ақсай-Жуалы» ЖШС минералды су өндіру бойынша жобаларды іске асырмақ. Ауданда 9,6 миллион теңгеге төрт инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.
Бұдан басқа, ауылдық округтерде 575,5 миллион теңгеге 79 жоба іске асырылатын болады, оның ішінде 26 жоба ауыл шаруашылығы саласында, 49 жоба кәсіпкерлік саласында және төртеуі мамандандырылған кооперативтерден.
Жобаларды іске асыруға кредит алғысы келетін азаматтардың тізімі жасақталып, 25 жоба бойынша құжаттар «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жіберілген.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ