Балалар спорты бақылауды қажет етеді
Елімізде бұқаралық спорт пен балалар спортын дамыту маңызды міндеттердің бірі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударуды, спортқа, оның ішінде балалар спорты және бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлу қажет екенін үнемі баса айтып келеді.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілген болатын. Аталған жоспарға сәйкес, өңірлерде мемлекет-жекеменшік әріпте стігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
Облысымызда «Damu Bala» атымен жалғасқан бағдарламаның қаншалықты тиімді іске асып жатқаны Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңесінің отырысында да талқыға түскен еді.
«DamuBala» – мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында бірыңғай қызмет көрсетуді жүзеге асыратын «Artsport» платформасының заңды жалғасы.
Еске сала кетсек, 2021 жылдан бастап өткен жылдың соңына дейін бұл қызмет түрі «Artsport» платформасы арқылы жүзеге асқан. Осы аралықта 18 спорт түріне 1,6 миллиард теңге бөлініп, 19 594 бала тұрақты түрде спорттық секциялармен қамтылған.
Алайда, қолданушылар тарапынан сын-ескертпелердің көптеп айтылуына байланысты «Artsport» «Damubala»-ға алмастырылған еді. Жыл басынан бері мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында бірыңғай қызмет көрсетуді қолға алған «Damubala» платформасы арқылы ата-аналар 5 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған спорттық үйірмелерге жазыла алады.
Десек те, тұрғындар тарапынан соңғы екі айда аталған платформаға тіркелу мүмкін еместігін айтып шағымданушылардың қатары көбейген. Мәселенің мәнісін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы «Бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталығының» басшысы Ерназар Тоқсанбаев кезектің шамадан тыс көбеюіне байланысты өтініштерді қабылдау тоқтап тұрғандығымен түсіндірді.
Орталық басшысының сөзінше, биыл балаларды спорттық секциялармен қамтуға 1,2 теңге қарастырылған. Бұл қаражат сапалы мамандармен, арнайы базамен қамтамасыз етуге, жалақыға және қатысушыларға бөлінеді. 18 спорт түрінен әр қатысушыға бөлінетін қаражат көлемі спорт түрлеріне байланысты 15-20 мың аралығын қамтиды. Келесі жылы кезекте тұрған балаларды да спорт секцияларына тарту мақсатында 1,35 миллиард теңгеге өтінім берілген. Ал, қоғам белсенділерінің пікірінше платформа өзгергенімен ондағы кей мәселелер әлі де өз шешімін таппаған. Соның есебінен тұрақты тұтынушылар саны анықталмай, кезекте тұрушылар қатары негізсіз өскен.
Саладағы сандардың сан тарапқа сабылуын қоғам белсендісі Назима Жұбандықова бәсекелестіктің төмендігінен екендігін айтады. Оның сөзінше, арт-спорт саласына балалардың қызығушылығын ояту мақсатында қызмет көрсетушілердің жұмысын ақпараттындыруды қолға алу қажет.
Париж Олимпиадасынан кейін спорт саласына айтарлықтай көңіл бөлінгені сөзсіз. Облыстағы мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс атқаратын 150 спорттық секция мен 85 өнім беруші де бүгінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруде. Дегенмен, бүкіл спорттың баспалдағы болған балалар спорты да бүгінде табанды тірлік пен нақты көрсеткіштерге зәру болып отыр.
Нұрболат АМАНБЕК