«Korcem» цемент зауытының өндірістік желісі іске қосылды
Экономиканың тұрақты дамуы үшін елімізге шетелдік инвесторларды тартып, оларға қолайлы жағдай қалыптастыру Мемлекет басшысы тапсырған маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңір экономикасының әр саласында – ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібінде, кен өндірісі мен энергетика саласында кешенді түрде атқарылып келеді. Қордай ауданындағы былтыр құрылысы басталған «Korcem» цемент зауыты өндірістік желісінің межелі мерзімде пайдалануға берілуі соның айқын дәлелі.
Жаңадан іске қосылған қуаттылығы тәулігіне 3500 тонна цементке қажетті клинкер шикізатын өндіретін өндіріс ошағы Орта Азия бойынша ең заманауи әрі қалдықсыз өнім шығарушы зауыт болып саналады. Сингапурлық International Cement Group LTD компаниясымен өзара ынтымақтастық аясында іске қосылған зауыт желісі алғашқы кезеңде 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, кейіннен жұмысшылар санын 1000 адамға дейін жеткізбек.
Осылайша, құны 50 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағы жалпы республикадағы цемент өндірісінің 35 пайызын қамтымақ. Өндірістік желінің іске қосылуында сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған кәсіпорын Президенттің ел экономикасына инвестиция тартуға бағытталған тапсырмасы аясында іске асқан жарқын жобалардың жалғасы екендігін атап өтті.
Өз кезегінде өндіріс орнының басшылығы қазірдің өзінде инфрақұрылым бойынша жұмыстар жалғасын тауып, жұмысшылардың баспана мәселесі реттеліп жатқандығын алға тартып, кәсіпорынның стратегиялық мақсаттарына тоқталып өтті.
Ал, зауыт құрылысын елімізде жүзеге асыруға жобаға инвестор ретінде серіктестік танытқан сингапурлық компания өкілдерін шетелдік инвесторларға мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен аймақтың геологиялық ахуалы қызықтырған. Еске сала кетсек, сингапурлық компания 1993 жылдан бастап цемент нарығында жұмыс істеп келеді. Бүгінде әлемдік нарықта ірі өндірушіге айналған кәсіпорын соңғы жылдары Оңтүстік-Шығыс және Орта Азияда өндірісін кеңейтуге ден қойған. Бүгінде аталған кәсіпорынның Тәжікстан мен Қазақстанда еншілес компаниялары бар.
Келесі жылы толығымен өндірістік қуаттылығына қол жеткізеді деп жоспарланған зауыт желісі міндетті көрсеткіштерді орындаған жағдайда ел қазынасына 2 миллиард теңге салық түседі деп күтілуде.
Айта кетейік, биыл облыста 35 инвестициялық жобаны іске асырып, 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған болса, бүгінде бұл жобалардың 20-сы орындалып, 700-ге жуық жаңа жұмыс орыны ашылған.
Нұрболат АМАНБЕК
Қордай ауданы