Мәдениет

Ұлы түрік апогейі

Күні кеше араға жылдар салып қайта жаңғырған Республика күні елімізде жоғары деңгейде аталып өтті. Айтулы мереке қарсаңында әр өңірде елдігімізді айшықтайтын, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін ісшаралар легі ұйымдастырылды. Ұлттық мейраммен тұспа-тұс келген облыстың 85 жылдығына, суретшінің 65 жас мерейтойына орай академик, мүсінші, ҚРСО мүшесі Аманат Назарқұлдың «Ұлы түрік шыңы» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Көрмені облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөзімен ашты.

– Төл тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді тек қана Қазақстанда емес, бүкіл Еуразияға насихаттап жүрген Аманат Суанбекұлына шығармашылық табыс тілеймін. Бүгінгі көрмеде қойылған қаншама картина өнердегі өміршеңдігімен дараланып тұрғандығына өздеріңіз куәсіздер. Мәнді әрі мағыналы туындылармен танысып жатқан жас жеткіншектерге Аманат ағамыздың жолын берсін деген ниеттеміз. Еліміздің тарихы мен болмысын насихаттайтын тың туындыларыңыз көп болсын! – деген басқарма басшысы Аманат Суанбекұлына «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.

Сонымен бірге суретшіге ҚР Суретшілер одағы және облыстық мәслихат тарапынан марапаттар мен Алғыс хаттар беріліп, құрмет көрсетілді. Мерейтойлық көрмеде суретшінің 150-ден астам туындысы қойылған. Оның ішінде түрлі техника үлгісінде жасалған 70 графика, 40 кескіндеме, майлы бояумен 40-қа жуық композициялық туындылар бар. Олардың қай-қайсысы болсын тарихи да тағылымды мазмұнымен дараланады. Қылқалам шебері шығармаларының көркемдік шешімі эпикалық сипатпен жырланған өмір шындығында жатыр.

Суретші «Қорқыттың үш бұлағы», «Азия бибі», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау», «Кентавр», «Катарсис» сынды туындыларында тарихи деректі оқиғаларды негіз ете отырып, кең тыныспен жырлайды. Қазақ тарихындағы елеулі орны бар тұлғалардың кесек болмысы мен батырлық, ерлік дастандарын авторлық байыптаумен жаңаша түрленткен шығармалар қатарын «Хан ерке», «Еділ батыр», «Қорқыт ата», «Фараби», «Абай» композициясы толықтыра түседі. Бұдан бөлек бұл тізбекте «Абай мен Гете», «Шыңғысхан», «М.Х.Дулати» секілді портреттік шығармалар бар. Ал, соңғы жылдары салынған картиналар қатарындағы күрделі сюжетімен ерекшеленетін Айтматов тақырыбы бір төбе деуге болады. Сабақтасқан оқиғаларға құрылған «Дода», «Өрлеу», «Ақ квадрат» сериялы туындыларына әйгілі қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолын арқау еткен.

Қоғамдық өмірдегі күрмеуі қиын кей мәселелер де Аманат Назарқұлдың назарынан тыс қалмаған. Мәселен, қазақ даласының көркі мен киесі саналған киік жануарының тағдыры бейнеленген «Дала мұңы» графикалық композициясында автор көзқарасы айқын көрінеді. Бір-біріне иық тірестіре сүйкенген қос балбалдың күрсінісі мен аяқ астына таптала, ақ сөңке болып шашылған киіктердің сүйегі жан түкпіріндегі көңіл толқынысын тап басқан.

Дала мен табиғат перзенті адам үндестігін дәлме-дәл көрсеткен штрихтық қолтаңбасынан суретші мәнері анық танылады. Сондай-ақ, «Экология», «Құтқарушы Арал» шығармаларында пандемия қарсаңындағы Мақтаралдағы су тасқыны бейнеленген.

Аманат Суанбекұлы эскизсіз салған туындыларына он күндей уақыт жұмсайды екен. Мәселен, оның «Көкпар.Дода» туындысы осыншама қысқа уақытта аяқталған. Мұндай туындыларды, әсілінде, суретшілер эскизін дайындауға бір апта арнап, толық картинаны бірбір жарым ай көлемінде жазып шығатын көрінеді. Ал, оның мұрағатындағы ені – 3,45 метр, ұзындығы 8,75 метр болатын ең үлкен «Астана – жастық пен білім қаласы» деп аталатын картинасы тоғыз айдан астам аралықта жазылған. Аталған көрмедегі ең басты туынды «Елім менің» шығармасы да суретшінің көлемді шығармаларының бірі саналады. Автордың айтуынша, картинада ұлттық ерекшеліктер мен тұлғалық болмыстың идеалы ретінде ұлт мақтаныштары көрініс тапқан.

Аманат Назарқұлов – мүсіншілік өнерде де өшпес із қалдырып, өз талантын күрделі және көп қырлы техникада бейнелеген, талай жылғы жұмыстарымен үздік еңбектері ұлт өнерінің қазынасына айналған тұлға. Оның қолынан шыққан «Төле би» ескерткіші, «Гүлденген Қазақстан» архитектуралық мемориалы, Абай даңғылының бойындағы «Айша бибі», «Ана», «Садақ атушы алтын жауынгер», Тұңғыш Президент саябағындағы «Ақ бота» мүсіндері қаламыздың көркін ашқан бірегей өнер туындылары саналады.

 

Нұрболат АМАНБЕК