Әлеумет

Антына адал ардақты ана

Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге ниетті арулардың саны көбейіп келеді. Мәселен, Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімінің бөлініс бастығы, кіші сержант Меруерт Чораева былтыр әкімдіктегі қызметін тастап, құқықтық тәртіп қатарына қосылған. Осы аз ғана уақыт ішінде әскери саланың қыр-сырын меңгеріп, егіз балаларын өмірге әкелді. Алайда, бір қолымен бесік тербеткен көпбалалы ана ата-баба дәстүрін берік ұстанып, саптағы қызметіне де салғырттық танытқан емес.

Ел тәуелсіздігі жарияланатын жылы өмір есігін ашқан Меруерт Асханбекқызы Қордай ауданына қарасты Бетқайнар ауылында мектеп табалдырығын аттайды. Шағын ғана ауылда туыпөскен оның бойында туған жерге деген сүйіспеншілік, Отанға деген махаббат адал қызмет етуден басталатыны бала күннен бастап санасына құйылады. Себебі, әкесі адал еңбек етіп, ауыл шаруашылығымен айналысқан. Анасы ауылдың әкімшілігінде зейнет жасына жеткенше табан аудармай қызмет етті. Отбасында еңбектің наны тәтті болатынын түсініп өскен ол да бастауыш сынып педагогикасы мен психологиясы мамандығына оқуға түседі.

Азаматтық өмірге қарағанда қызығы мен шыжығы көп, темірдей тәртіпке бағытталған бұл сала бұрымдының бойындағы адамгершілік қасиеттерді молайтып, жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін түсіндірген.

Жұмыста сарбаздардың қабілетін шыңдайтын ол өз отбасындағы мейірімді ана рөлін де ешқашан ұмыт қалдырмайды. Себебі, біздің кейіпкер Отанға адал қызмет етудің үлгісі отбасындағы татулықтан басталатынын айтады.

Жалғызілікті көпбалалы ананың қауырт қызметі отбасындағы бала тәрбиесіне ешқандай сылтау бола алмайтыны осыны көрсетсе керек. Тіпті, бес баласының өзіне тән мінезқұлықтарына дейін жақсы біледі екен. Сөз арасында өзін бес мемлекетпен жұмыс атқарып жүрген дипломат секілді сезінетінін айтып әзілдеп те алды.

Қызмет пен отбасын қатар алып жүрген көпбалалы ана тұрақты спортпен айналысады екен. Қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері атанған оның бұл спорт түрінен жетістіктері де аз емес екенін байқадық. Қолы қалт ете қалса, әуелетіп ән айтқанды ұнататыны тағы бар. Салиқалы әйелдің сипатын көрсеткен кейіпкеріміздің бойындағы сенімділік пен табандылық әскери салада адал қызмет етуге көмектессе, отбасындағы тәрбиенің тізгінін берік ұстауға да септігін тигізсе керек.

 

Есен ӨТЕУЛІ