Әлеумет

Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында назар аударып, әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы айрықша маңызды міндет екенін қадап айтты. «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан, сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, біздің елде тепсе темір үзетін, дені сау 18-27 жас аралығындағы жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Бұлай болмаған жағдайда әскерден қашқандарды заң басынан сипамайды. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартады.

Егер әскерге шақыртылған азамат шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал, әскери борышын өтеуден қасақана қашқандар Қылмыстық Кодекстің 387-бабына сәйкес жазаланады. Әскерге барудан мүлдем бас тартқандарға 1000 айлық есептік көрсеткіш (3 450 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе бір жылға бас бостандығынан айырылады. Атап өту керек, Отанды сүюдің шынайы көрінісі саналатын әрі нағыз ер азаматтың сыналатын жері – әскерге бару үшін шақырушылардың тексеру кезінде зерттеулерге қосымша өзгерістер енгізілді. Демек, бұдан былай мерзімді әскерге баратындарға талап қатая түспек.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Осылайша, олар эхокардиография, іш қуысы мүшелерінің ультрадыбыстық және бүйрек ультрадыбыстық зерттеуінің сараптамасын өткізуге міндеттеледі.

 

Есен ӨТЕУЛ