Шаһардың айналасы индустриалдық аймаққа айналады
Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз шаһарының бүгінгі бейнесі де көз тоятындай көрікті. Күн сайын түлеп жаңарған, сәт сайын заманның талабына жауап беретін кәсіпорындармен, жаңа шағын аудандар, еңселі ғимараттармен толығып отырған Әулиеата шаһарының қарышты қадамы көңіл қуантады. Әлі де жаңғыртылып жатқан қала ішінде жұмыс көп-ақ.
Ал, шаһардың гүлденуі мен дамуы ұзақ жылдарға жоспарланған бас жоспар арқылы жүзеге асырылатыны белгілі.
Тараз қаласының үш жылдық даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар аз емес. Мәселен, биыл шаһарда жалпы құны 6,9 миллиард теңгені құрайтын «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрғақ құрылыс қоспалар зауытын іске қосып отыр. Зауыттың жылдық қуаты 350 мың тоннаны құрайды. Осының есебінен 35 жаңа жұмыс орны ашылған.
Қала әкімі Бақытжан Орынбековтың айтуынша, биыл бұдан бөлек, жобалық құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ол жобалар іске асырылған жағдайда жаңа 944 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Атап айтар болсақ, бұл жобалардың бірі – «Kisc» ЖШС-нің «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы, оның жобалық құны 1 миллиард 870 миллион теңгені құрайды.
Бүгінгі күні металл құю қуаттылығы 3,5 мың тонна болса, модернизациядан кейін жылдық қуаттылығын 24 мың тоннаға жеткізу көзделген. Жоба биыл жүзеге асырылады деп күтілуде, онда 150 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Екінші жүзеге асырылатын жоба – «СПТараз PET» ЖШС-нің «Полиэтилентерефталат рециклингу бойынша зауыт салу» жобасы. Оның жобалық құны – 3 миллиард 860 миллион теңге. Жылдық қуаттылығы 6 мың тонна. Жоба жүзеге асырылған жағдайда 64 жұмыс орны құрылмақ.
Үшінші жобаны – «Alima Delux» ЖШС жүзеге асырмақ. Серіктестік «Тұрмыстық техника зауытын» салу арқылы газ плита өндірісін қолға алмақ ниетте. Жоба құны – 15 миллиард теңге, ал жылына 100 мың дана газ плита шығарылады. Онда жаңа 500 жұмыс орнын құру көзделген.
Төртінші жоба – «South Holiday» ЖШС жүзеге асырып жатқан Зербұлақ демалыс орталығының екінші кезеңін аяқтау. Оған 2 миллиард қаржы жұмысалуда. Онда маусымдық 170 жұмыс орны құрылатын болады.
Бесінші жоба – «ОРЦ Тараз» ЖШС қолға алған көкөніс қоймасының ІІ кезеңі. Жоба құны 12 миллиард теңгені құрайды. Мұны төртінші тоқсанда ашу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бұл индустриялды аймақта жұмыс істейтін 7 жоба айқындалған. Жалпы, оның қатысушылары 74,1 миллиард теңгеге инвестиция салады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, бұл индустриялық аймақта «НУР ХИМ 2021» ЖШС – Трикотаж және тігін бұйымдарын өндіруге арналған зауыт және минералды тыңайтқыштар зауытын салуды жоспарлап отыр. Ал «Мамешова Айгуль Бекеновна» ЖК – Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдарын өндіретін зауыт салуға ниетті.
«Eco Energy Plant» ЖШС – Қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) қайта өңдеу зауытын, «Эко РБК» ЖШС – қауіпті қалдықтарды басқару кешенін құру жобасы, «Нурсеитова Нагима Аманхожакызы» ЖК – шаруашылық-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық мақсаттағы қағаз бұйымдарын өндіру бойынша цех салу, ал «КАЗ ПРО ТЕМИР» ҚЖС – қара металды балқыту, шаршы дайындамаларды шығару және полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат пен болатты өндіру бойынша металлургиялық зауыт салу жобасын жүзеге асыруды жоспарлаған. Бұл жобалардың жүзеге асырылу мерзімі – 2025 жыл.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп келеді. Бұл Президенттің биылғы Жолдауында да көрініс тапқан. Қала әкімі Бақытжан Орынбековтың айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында облыстық және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгені құрайтын 386 жоба қаржыландырылған.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеуде. Сауда базарларында жаңарту жұмыстары жол картасына сәйкес жүргізілуде. Ол модернизация жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес биыл 21035 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күнге нақты 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмендеп отыр.
Тараз қаласында құрылыс саласында да даму бар. Мәселен, биыл шаһарда 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектеп, республикалық бюджет есебінен 3 мектеп салынды. «Арай» алқабындағы 600 орындық және «Казарма» алқабындағы 180 орындық мектептер толық аяқталып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Қалған мектептерді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Өткен жылы 2,1 миллиард теңгеге 7 мектеп, 1 бөбекжай-бақша ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл №19 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде.
Сондай-ақ, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары басталып кеткен. «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің былтыр 13 көшесіне асфальт жабыны төселсе, биыл қалған көшелерда асфальттау жұмыстары жүргізіліуде. Ал, «Барысхан» тұрғын алқабында биыл сегіз көшеге асфальт жабындысын төсеу жоспарлануда.
Сонымен қатар, биыл қала көшелері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 900 миллион теңге қаралған. Конкурс нәтижесі бойынша жеңімпаз мердігерлермен келісімшарт жасалып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кеткен.
Жалпы, қазақта «Өз үйім – өлең төсегім» деген жақсы сөз бар. Сондықтан баспананы бақыт шамына балайтын 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін, 2023 жылы 3279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде 754 отбасы баспаналы болды.
Қазіргі таңда Тараз қаласында 2522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін елу үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Оның ішінде 34 тұрғын үй 15 шағын ауданында, 16 тұрғын үй Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасқан.
Одан бөлек, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 миллиард теңге, 507 пәтерге «СамұрықҚазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 миллиард теңге қаралған. Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталуы күтілуде.
Бұған қоса, 14 шағын ауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 5,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, конкурсқа берілген. Ал, Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2024 жылдар аралығында 127 554 азамат тіркелген. Былтыр Құмшағал-Қарасу алқаптарынан 1497 жер учаскелері берілген. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
«Көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары да жоспарға сәйкес жалғасын табуда. Жалпы Тараз қаласында 1438 көппәтерлі тұрғын үй болса, 1103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асып кеткен. Оның ішінде 614 үй жөндеуден өткізуді қажет етеді.
Биыл 5,1 миллирд теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді. Ал, Тараз қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 6,6 миллиард теңгеге қаралып, «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және 28 саяжай тұрғын алқаптарындағы 7256 жеке тұрғын үй таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал, биыл «Шалғай Қарасу 1,2,3,4,5,6,7» алқабы, «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасын табуда. Осылардың есебінен тұтастай қаланы таза ауыз сумен қамту жоспарлануда.
Сондай-ақ, қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп отыр. Жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған.
Магистральды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты «Теміржол су – Алматы» ЖШС-нің теңгеріміндегі су құбырлары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне алыныпты. Қазіргі таңда жаңғыртуға жоба әзірленуде.
Қала әкімінің айтуынша, көшелердi жарықтандыру жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылуда. Былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыруды қолға алынған. Сондай-ақ, биыл қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар құрылысы басталған. Оған 8,7 миллиард теңге бөлінген. Жоба – 2025 жылы аяқталады. Бүгінгі күні қаланы ағын сумен қамтушы – арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, бұл жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Өткен жылы осы мақсатқа бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылып, шағын аудандарда 40 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілген. Ал, биыл 8 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Қазір тиісті шағын аудандарда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ол нысандар 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ, қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға бюджеттен 250 миллион теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні «Түйте» каналының («Ұлы Дала» шағын ауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабының ортасы) бір бөлігі абаттандырылуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы