Экономика

Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы жақсарған

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жергілікті әкімдерге су ресурсын тиімді пайдалануды тапсырды.

«Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек.

Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет. Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет.

Нақты жұмысқа кірісу керек» деді Президент Жолдауында. Бұл бағытта қолға алынған жұмыстар біздің облыста да баршылық. Атап айтар болсақ, облысымыздағы барлық суармалы жердің көлемі – 232393 гектар алқапты құрайды.

Ағын суды тиімді пайдаланған жағдайда еліміздің нарығын сапалы азық-түлікпен қамту әлеуеті зор. Жалпы суармалы егістік жерлерден озық заманауи технологияларды енгізу арқылы кепілді жоғары өнім алуға болады. Өңіріміздің суармалы суға көрші Қырғыз еліне тәуелді болуы басты мәселенің бірі. Қазақстан Республикасы Су шаруашылығы министрлігіне қарайтын «Оңтүстік Қазақстан Гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» ре спубликалық мемлекеттік мекемесі 2023 жылы бюджеттік бағдарламасы бойынша облыстың суармалы жерлерінің мелиоративтік жағдайын бағалау жұмыстарын жүргізді.

Өткен жылы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалау нәтижесінде 44,23 мың гектары қанағаттанғысыз, 60,93 мың гектары қанағаттанарлық және 127,24 мың гектары жақсы екені анықталды. Қанағаттанғысыз суармалы жерлерге негізінен жер асты суы деңгейі жер бетіне жақын орналасқан, сонымен бірге өте күшті және орташа тұзданған жерлер жабады. Осындай тұзданған жерлерде грунт суының жақын орналасуы нәтижесі қайта тұздану қаупін тудырады.

Қанағаттанғысыз жағдайдағы 44,23 мың гектар суармалы жерлердің 27,1 мың гектарына жер асты грунт суының жақын орналасуы әсер етеді. Бұл жағдайдағы жерлер негізінен ескі, инженерлік дайындықтан өтпеген суармалы жерлер. Қанағаттанарлық дәрежедегі 60,93 мың гектар суармалы жерлердің жер асты сулары әлсіз тұзданған (1-3 г/л) және терең орналаспағандықтан, агромелиоративтік шаралар негізінен деңгейлерінің көтеріліп кетпеуіне, күрделі тегістеу және суару жүйелерін қайта жөндеуге бағытталуы қажет.

Мелиоративтік жағдайы жақсы дәрежедегі 127,24 мың гектар суармалы жерлер топырағы тұзданбаған, жер асты сулары әлсіз тұзданған және төмен орналасқан. Мұндай жерлерде топырақтың құнарын арттыруға бағытталған агромелиоративтік шаралар жасалуы тиіс.

Қанағаттанғысыз, мелиоративтік жағдайы нашар суармалы жерлерді жақсарту маңызды мәселе болып табылады.

Мелиорация саласындағы ғылыми негізделген ұсыныстар мен әзірлемелердің негізінде мелиоративтік жағдайы қанағаттанғысыз суармалы жерлерді жақсарту, сондай-ақ олардың құнарлылығын сақтау және арттыру мақсатында биыл келесі мелиоративтік шараларды орындау ұсынылды:

– жер асты суларының деңгейі шектен тыс жоғары (0-2 метр) болған 32,8 мың гектар суармалы жерлерде фильтрациялық ысыраптарды азайту және аумақты құрғатуды жақсарту мақсатында суару және коллекторлыдренаждық жүйелерді қалпына келтіру;

– орташа және күшті дәрежеде тұзданған 17,1 мың гектар суармалы жерлерде 8-12 мың м3/га мөлшерінде (топырақтың механикалық құрамына байланысты) профилактикалық және ылғалдандыратын сор шаю жұмыстарын (тік дренажды ұңғымалар іске қосылуымен) жүргізу қажет;

– су жетіспейтін барлық жерлерде және жалпы су ресурстарының тапшылығы үнемі өсіп келе жатқанын ескеріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын суарудың су үнемдейтін әдістері мен технологияларын енгізу, сондай-ақ коллекторлық-дренаждық суларын ішінара қайта пайдалану;

– ұйымдастырушылық-шаруашылық себептермен пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді, нақты себептерін анықтап, мемлекеттік қолдау арқылы пайдалануға енгізу қажет.

Осы талдау бойынша биыл, 2024 жылы су шаруашылығы мекемесі облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасымен бірге осы ұсыныстарды бірге жүзеге асырып, егіс алқаптарынан мол өнім алынуына қол жеткізді.

 

Қажмұхан ҚОЖАНОВ

«Оңтүстік Қазақстан Гидрогеологиялықмелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Жамбыл бөлімінің басшысы