Экономика

Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі

Биылғы 9 айда облыста мемлекеттік еңбек инспекторларымен жоспардан тыс 95 тексерулер жүргізіліп, 133 бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 125-і еңбек қатынастарына қатысты болса, үшеуі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға байланысты, ал бесеуі халықты жұмыспен қамту жөніндегі жұмыстардан кеткен.

Осы 9 ай ішінде облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінде 39 жазатайым оқиға орын алыпты. Оның салдарынан 42 адам зардап шеккен, анығырақ айтсақ, 17 адам ауыр, 18 адам жеңіл, орта жарақат алса, 7 адам қайтыс болған. Осы жағдайларда 6 адам 3 топтық жазатайым оқиғадан зардап шеккен. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергептексерулер жүргізіліп, тергеу материалдары ішкі істер органдарына жолданыпты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыс бойынша департаментінің мәліметінше, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмен, ал қайтыс болғандардың саны былтыр орын алған оқиғамен салыстырғанда 1 адамға артып отыр.

Жарылқасын Әбдіғапарұлының айтуынша, орын алған әр жазатайым жағдайлар бойынша жұмыс берушілерге оқиға себептерін жою және алдын алу жөніндегі нұсқаулықтар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алыныпты.

Тергеу материалдары бойынша жүргізілген талдауға сәйкес, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері айқындалған. Нақты айтқанда, жұмыс берушілердің еңбекті қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру салдарынан 20 жағдай, оның ішінде жол көлік оқиғалары бойынша 3, жұмыскерлермен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын өрескел бұзу салдарынан 14, жұмыс берушілермен жұмыскерлердің бірдей кінәсінен 5 жағдай орын алған. Ал, қауіпсіз еңбек әдістерін оқытудағы кемшіліктер салдарынан 1 жағдай, жеке қорғаныс құралдарының қамтамасыз етілмеуі немесе қолданылмауы салдарынан 1, тағы да басқа салдардан 3 жағдай болған.

Сонымен қатар, жазатайым оқиғалардың 35 пайызына жәбірленушінің биіктіктен құлауы, 15 пайызына қозғалмалы, айналмалы заттар мен бөлшектердің әсері және 50 пайызына жазатайым оқиғалардың басқа түрлері себеп болған.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі – олардың біліктілігі мен еңбек шарттарына сәйкес келетін жұмыскерлерге еңбекақы төлеу. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған ақпаратқа сәйкес, жыл басынан бері облыстың 2619 кәсіпорыны, яғни 10 ірі, 48 орта, 2561 шағын кәсіпорын 23680 жұмыскердің жалақысын орта есеппен 23,7 пайыз көтеріп отыр. Осы жылы мемлекеттік еңбек инспекторларымен облыстық 9 кәсіпорнында 378,9 миллион теңгенің жалақы қарыздары анықталыпты.

Еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаментінің мәліметінше, анықталған қарыздар толығымен жойылған. Нәтижесінде 2011 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Биылғы 1 шілдеде облыс бойынша 3 мекемеде, атап айтқанда «Меркі асыл тұқымды зауыты» акционерлік қоғамы, «Луговой жылқы зауыты» және «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 241 жұмыскердің алдында 102,5 миллион теңге жалақы қарызы қалыптасқан екен. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-і бойынша 87 жұмыскердің алдында 29 миллион теңге жалақы қарызы толығымен жабылып, 2 мекемеде, атап айтқанда «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ және «Шу-Сервис» ЖШС-інде 89 жұмыскердің алдында 56 миллион теңге қалып отыр.

Сонымен қатар, соңғы алты айда тұрақты кешігіп төленген немесе міндетті зейнетақы жарналарымен әлеуметтік төлемдерді төлемеген 93 кәсіпорын анықталған. Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне кәсіпорындар тізімі жолданыпты.

Бүгінгі таңда облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндіріп алу шараларын қабылдап жатыр екен. Қайткенде де жұмыскерлер атқарған еңбегіне қарай тиесілі еңбекақысын уақтылы алуы керек және олардың қауіпсіздігінің сақталуы да аса маңызды. Бұл міндеттер заңмен қадағаланатынын ешкім естен шығармаса дейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА