Жаңалықтар

Жамбыл жерінде жағымды жаңалық көп

Ұлттық мереке – Республика күніне орай Жамбыл облысының шалғай орналасқан ауылдарында спорт нысандары халық игілігіне берілді.

Меркі ауданы, Тәтті елді мекенінде жеке инвестиция есебінен спорт кешені бой көтерді.

Ауыл балалары спорттың бес түрімен шұғылдана алады, оның ішінде қазақша күрес, еркін күрес, үстел теннисі, бокс, қол күресі бар.

Еңселі кешеннің бой көтеруіне ауыл азаматы Бақыт Көкебаев мұрындық болған. Ол туған жерге ту тігіп, ауылдың гүлденуіне үлес қосуды перзенттік парызы санайды.

Андас батыр ауылдық округіне қарасты Гранитогор елді мекенінде ойын алаңшасы ашылып, балалар игілігіне берілді. Спорт нысанының құрылысы ауылдың даму жоспарына сәйкес жүргізілді. Оған жергілікті бюджеттен 11 миллион теңге бөлінген.

Мерекеге орай Қордай ауданы, Масаншы ауылдық округіне қарасты Күнбатыс-1 елді мекені су жаңа шағын футбол алаңшасымен толықты. Бүгінде қордайлықтардың 40,7 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Аудан бойынша 360 спорт нысаны жұмыс істейді.

***

Республика күніне орай Т.Рысқұлов ауданы, Қайыңды ауылында жоба құны 249,2 миллион теңгені құрайтын 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұл ауданда соңғы жылдары салынып, ел игілігіне берілген үшінші – медициналық пункт.

Одан бөлек, қазіргі уақытта Қорағаты станциясы мен Ақбұлақ ауылдарында да дәл осындай нысандардың құрылысы жүргізілуде. Ауданның даму жоспарына сәйкес 2027 жылға дейін тағы 5 медициналық пункт салу жоспарланып отыр.

Ағымдағы жылы облыста денсаулық сақтау ұйымдарының тозуын 40,3 пайыздан 39,0 пайызға дейін төмендету үшін 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда, оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 20 нысан бой көтереді. Бүгінде 3 медициналық нысан халық игілігіне берілді.

Республика күніне орай Жамбыл ауданы, Қоңыртөбе ауылында медициналық пункт ашылды. Қоңыртөбе елді мекені Жамбыл ауылдық округіне қарайды. 570-тен аса тұрғыны бар. Ағымдағы жылы «СК Алем» ЖШС медициналық пункттің құрылысын бес айда жүргізіп, халықтың игілігіне тапсырды. Аталған жобаға 136,4 миллион теңге қарастырылған. Ғимарат барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, Жамбыл ауданында 36 денсаулық сақтау нысаны бар. Жыл соңына дейін Қостөбе, Тоғызтарау ауылдарындағы медициналық пункттің, Қаратау елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Аудандағы орталық аурухананы да күрделі жөндеуден өткізу жоспарға қойылған. Алдағы жылдары Шоқай, Қапал, Құмтиын, Бәйтерек ауылдарында медициналық пункт ғимаратын соғу бойынша жоспар әзірленуде. Айтулы мереке қарсаңында Қордай ауданы, Масаншы ауылындағы емхана ғимараты кеңейтіліп, ел игілігіне берілді.

Заманауи медициналық мекеме бір ауысымда 150 адамды қабылдай алады. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жаңа нысан тек масаншылықтардың ғана емес, көршілес Қаракемер, Қарасай ауылдық округі тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Емханада 8 дәрігер, 40 медбике, 21 кіші буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Бүгінде Қордай ауданындағы 41 елді мекенде 45 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетіп келеді.

***

Республика күніне орай Талас ауданы, Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылының халқына сапалы ауыз су берілді. Аталған аймақта 17 түтін бар. Яғни, 117 ақтөбелік ауызбіршілікте күн кешіп келеді. Биыл «Forte Сapital» ЖШС-і қысқа мерзім ішінде кешенді блок-модуль орнатты.

Бұл құрылғы тұрғындардың сапалы тіршілік нәрімен қамтылуына ықпал етеді. Жоба құны 129,5 миллион теңгені құрайды.

Ауыл ақсақалы Дулатбай Бұрханов халықты ауыз сумен жабдықтауға ықпал еткен азаматтарға шынайы ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.

Қызыләуіт ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Байақов болса, бұл маңызды нысанның арқасында тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсаратынына сенім білдірді. Бүгінде Талас ауданының 6 ауылдық елді мекенінде (Сейілбек, Қожағаппар, Тұрымқұл, Қараой, Арал, Қайыр ауылдары) ауыз су нысандарының құрылысы жүргізілуде.

Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 22 ауылға орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу, 15 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. Нәтижесінде халықты сапалы ауыз сумен қамту деңгейі 94,9-дан 98,1 пайызға дейін артады.

***

Республика күніне орай Шу, Сарысу ауданы тұрғындарына пәтер кілттері, Т.Рысқұлов және Меркі аудандарында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында құрылысы жүргізілген баспаналар салтанатты түрде табысталды.

Шу ауданында екі мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Аудан әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, баспана мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Мәселен, өткен жылы 60 үй берілген. Биыл 100 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқын алып, оның 12-сі айтулы күні қолданысқа берілді. Ұлттық мерекеде сарысулықтарға да баспаналы болу бақыты бұйырды. 8 пәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртылып, ел игілігіне тапсырылды. Өткен жылы ауданда 185 азамат пәтерлі болса, биыл 278 тұрғын үй беру көзделген.

Айта кетейік, қос аудандағы тұрғын үйлерге аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар ие болды. Ал, Меркі ауданында бес бөлмелі баспана Ержановтар әулетіне табысталды.

Бұл отбасының үйі мамыр айында өртеніп, қиын күн туғанда ауылдастары бірігіп, баспанасыз қалған шаңыраққа үй салып берді. Жаңа үйде тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Т.Рысқұлов ауданы, Әбжапар ауылында да асарлатып үй салынып, Сүгірәлиевтер отбасына берілді.

 

 «Aq jol»-Aqparat.