Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті
Республика күні Тұңғыш Президент саябағында «Тәуелсіз ел – Қазақстан!» атты мерекелік жиын өтті.
Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, спортшылар мен белсенді жастар, тұрғындар қатысты.
Еліміздің ең негізгі мерекесінде мұнда жиналған қауым әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Әнұранды әуелете шырқады. Сол сәтте қыран құсы қалықтаған Мемлекеттік Ту көтерілді. Мұнан соң Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері патриоттық сарындағы әндерді орындап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, бұл күні облыс орталығы мен аудандарда Мемлекеттік туды көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріне ілу акциясы, авто-мото шерулер ұйымдастырылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА