Жаңалықтар

Қадірі мен қасиеті бөлек мереке

25 қазан – ел тарихындағы ерекше күннің бірі. Осыдан 34 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздікке қарай батыл ұмтылыс жасап, дәл осы күні мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдады. Бұл дата тарихи әділдік орнап, өткенімізді жаңғыртқан күн ретінде ел жадында қалды. Ал, 2022 жылдан бастап аталған күнге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық мереке мәртебесін беріп, тиісті заңға қол қойды.

Елдігімізді нығайтып, еңсемізді көтерген ұлттық мереке республиканың барлық аймағында жоғары деңгейде атап өтіліп, өзінің бастапқы салтанатына қайта оралғандай. Мұны түрлі мәдени іс-шаралардың деңгейінен, халықтың көңіл-күйінен аңғару қиын емес. Дәл осындай мәндегі жиындар Тараз қаласында да дүркіреп өтті.Облыс орталығындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Әуелі әскери оркестр Мемлекеттік Әнұранды жиналған көпшілікпен әуелете шырқады.

Бұдан соң облыс әкімі жамбылдықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Ербол Қарашөкеев өз сөзінде қадірі мен қасиеті бөлек, ұғымы ұлы мерекенің тарихы, саяси және тәрбиелік мәні тереңде жатқанын айта келе, ел ертеңі үшін тер төккен аға буын өкілдеріне алғыс білдірді.

Салтанатты жиын барысында аймақ басшысы мерекеге орай және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматты марапаттап, құрмет көрсетті. Президент Жарлығына сәйкес бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырылды.

Атап айтқанда, ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары, сондай-ақ «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» сияқты құрметті атақтары берілді. Ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін түрлі этнос өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелік марапаттарына ие болды.

Бұдан бөлек, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы салтанатты түрде тапсырылды. Мерекелік кеш соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ